
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторы, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Үшқұю» АҚ қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі Маңғыстау облысы, Қарақия ауданының аумағында орналасқан Солтүстік-Батыс Жетібай кен орнын игеру және пайдалану болып табылады.
Солтүстік-Батыс Жетібай кен орнын тексеру барысында 7 объекті (мұнай ұңғымалары және басқалар) тексерілді, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 29 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті