
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылғы бірінші жартыжылдыққа өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Бур-Геопроект» ЖШС қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі технологиялық ұңғымаларды бұрғылау және уранды гелогогиялық барлау жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Тексеру барысында 25 объекті тексерілді (бұрғылау қондырғылар, жүк көтергіш механизмдер және басқалар ), өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 14 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін бұзушылықтар бойынша, қызмет ету мерзімі өткен және оларды одан әрі пайдалану мүмкіндігі туралы сараптама жүргізілмеген 18 бұрғылау агрегатын тоқтата тұру туралы сотқа талап арыз жіберу түрінде жедел ден қою шаралары қабылданды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде «Уранды геологиялық барлау, өндіру және қайта өңдеу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті