Жезқазған мыс балқыту зауытын тексеру нәтижелері

Жезқазған мыс балқыту зауытын тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауытының қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі катодты мыс пен күкірт қышқылын алу арқылы шикізатты қайта өңдеу болып табылады.

Тексеру барысында: ғимараттар мен құрылыстар, рудотермиялық пеш, көлденең конвертер, анодты пеш, карусельді машина, электр тельферлері, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарын 260 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:

- құрылыс конструкцияларын, кәсіпорынның ғимараты мен құрылысының бағандары бар металл арқалықтардың тораптарын тексеру бойынша есептің ұсынымдары толық көлемде орындалмауы;

- көпірлі крандардың жабдықтарына және кран асты жолдары төсемдерінің металл конструкцияларына уақтылы қызмет көрсетілмеуі;

- сору-сыртқа тарату желдеткіш жүйелерінің тиімді жұмыс істемеуі;

- жұмыс ортасының ауасын өлшеу хаттамаларына сәйкес, жұмыс орындарындағы зиянды заттардың жоғары құрамын анықтау: қорғасын, күкірт диоксиді, мырыш және күкірт қышқылы аэрозолінің концентрациясы;

- объектілердегі қауіпсіз жұмыс үшін жауапты кәсіпорын қызметкерлерінің даярлықтан және қайта даярлаудан уақтылы өтпеуі болып табылады.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Қара, түсті, бағалы металдардың балқымаларын және осы металдардың негізінде алынатын қорытпаларды өндіру бойынша қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларынның» талаптары түсіндірілді.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті