
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің өкілдерімен бірлесіп, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалының қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Компания қызметінің негізгі түрі: Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінің қайраң аймағында орналасқан «Қашаған» кен орнынан көмірсутекті шикізатты барлау, өндіру, тазарту, тасымалдау және сату болып табылады.
Тексеру барысында 682 объекті («Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы, «Батыс Ескене» теміржол кешені, «Самал» вахталық кенті, химиялық зертхана, құбыр желісі, газ жабдықтары және басқалары) тексерілді, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 1 366 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаулық берілді, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі және 306-бабы 4-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жазалар салынды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:
- фланецті қосылыстардан бу; құбырлардағы күкірт; сорғылар мен шығын өлшегіштердегі май ағуды уақтылы жою;
- қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды техникалық куәландыруды уақтылы жүргізбеу;
- теңіз құбырларын техникалық куәландыру кестесіне сәйкес кәсіпшілік және кәсіпшілік аралық мұнай-газ құбырларының теңіз учаскесінің дефектоскопиясын (құбырішілік диагностика) уақтылы жүргізбеу;
- объектілердегі қауіпсіз жұмысқа жауапты қызметкерлердің даярлықтан және қайта даярлаудан уақтылы өтпеуі және басқалары болып табылады.
Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін бұзушылықтар бойынша Атырау облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа қауіпті өндірістік объектілерді және қауіпті техникалық құрылғыларды (қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды, ұңғымалар мен аралдар арасындағы кәсіпшілік құбырларды) тоқтата тұру туралы талап арызды жіберу түрінде жедел ден қою шаралары қабылданды.
Тексеру қорытындысы бойынша компания өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Газдарды дайындау және қайта өңдеу бойынша қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Мұнай және мұнай өнімдеріне арналған резервуарларды пайдалану және жөндеу кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
Өз кезегінде, «НКОК Н.В.» филиалы 2022 жылғы 1 маусым мен 15 шілде аралығында жүргізілген кешенді күрделі жөндеу жоспарына сәйкес жерүсті және теңіз кешендерінің қауіпті өндірістік объектілерінде жұмыстар жүргізуді тоқтата тұру туралы шешім қабылдады.
Күрделі жөндеу өндірістік қондырғыларды пайдаланудан шығару және кейіннен қысымды түсіру, дренаждау, үрлеу және тазалау мақсатында жүргізіледі. Сондай-ақ, күрделі жөндеу барысында тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды жою жоспарланған.
Қауіпті техникалық құрылғыларды (қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар: «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысында 241 бірлік және теңіз кешенінде 27 бірлік) техникалық куәландыруды жүргізу бойынша іс-шараға Департамент басшысы орынбасарының басшылығымен 8 бірлік инспекторлық құрам жұмылдырылатын болады.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті