«АрселорМиттал Теміртау» АҚ («Абай» шахтасы) тексеру нәтижелері

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ («Абай» шахтасы) тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің өкілдерімен бірлесіп, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті «Абай» шахтасының қауіпті өндірістік объектілеріне тексеру жүргізді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі – көмір өндіру болып табылады. К18, К12, К10 Кокс ОС маркалы көмір қабаттары өңделуде. «Абай» шахтасы көмір мен газдың кенеттен лақтырылуы, сондай-ақ көмір шаңының жарылғыштығы бойынша қауіпті болып табылады. Шахта алаңының көлемі: жайылуы бойынша 3 800 м, құлауы бойынша 2 500 м құрайды. Жер асты тау-кен қазбаларының жалпы ұзындығы 37,480 км.

Тексеру барысында 184 объекті тексерілді, олар: ұңғылау кенжарлары, стационарлық таспалы конвейерлер, рельстік тасылым, монорельсті жолдар мен көлік, көтергіш қондырғылар, бас желдету желдеткіштері, электромеханикалық жабдықтар, техникалық құжаттама, геологиялық-маркшейдерлік қызмет құжаттамасы, шаң-газ режимі және басқалар. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 200 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.

Бұл ретте, жазатайым оқиғаларды арнайы тексеру актілерінің іс-шаралары тармақтарының орындалмағаны анықталды. Сонымен:

- көмір департаментінің шахталары іс-шаралардың 6-тармағына сәйкес (2020 жылғы 15 ақпандағы жану), тау-кен массивінің температурасын анықтау аспаптарымен қамтамасыз етілмеген;

- іс-шаралардың 18-тармағына сәйкес (2021 жылғы 13 қаңтардағы топтық жазатайым оқиға)ғ ғылыми институттармен бірлесіп, көмір департаментінің шахталары үшін тау-геологиялық жағдайларды болжау әдістемесі әзірленбеген;

- іс-шаралардың 13, 16 және 29-тармақтарына сәйкес (2021 жылғы 07 қарашадағы топтық жазатайым оқиға), ВТБ, болжау қызметі, геологиялық-маркшейдерлік қызмет учаскелерінде компьютерлік техниканы жаңарту және толық жинақтау жүргізілмеген; көмір шахталарын геологиялық цифрлық модельдеу және сейсмикалық барлау жүргізілмеген; көмір шаңының болуын бақылау аспаптары (тозаң өлшегіштер) сатып алынбаған).

Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін бұзушылықтар бойынша Қарағанды облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа 2 бірлік қауіпті техникалық құрылғыны (жерасты гидравликалық пресс және таспалы конвейер) тоқтата тұру туралы талап арыз жолдау түрінде жедел ден қою шаралары қабылданды.

Тексеру қорытындысы бойынша ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары М.Т. Танабаевтың төрағалығымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Джелсон Батисттің және кәсіпорынның басқа да өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптары түсіндірілді.

2021 жылдың 07 қарашасында 35 к 10-с желдеткіш қуақазының кенжарында метан газының бөлінуімен және тау-кен массасының шығарылуымен газдинамикалық құбылыс салдарынан авария болғанын естеріңізге саламыз. Топтық авария салдарынан 6 адам қаза тауып, тағы 3 адам зардап шеккен болатын.

Арнайы тергеу қорытындысы бойынша комиссия кәсіпорынның кінәсін 100% анықтаған болатын.