Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Шу мұнай базасы» ЖШС қауіпті өндірістік объектілеріне тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі мұнай өнімдерін қабылдау, сақтау және сату болып табылады.
Тексеру барысында 14 объекті тексерілді (резервуарлар, төгу-құю құрылғылары және басқалары), өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 18 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде «Мұнай-химия, мұнай өңдеу салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер, мұнай базалары және автожанармай құю станциялары үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.