Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі бастапқы алюминийді өндіру және сату, сондай-ақ күйдірілген анодтарды өндіру болып табылады.
Тексеру барысында 7 нысан тексерілді (алюминий электролизі цехы, электрод өндіру цехы, орталық жөндеу цехы, қойма жұмыстары цехы, электр энергетикалық цех, орталық зауыт зертханасы, көлік цехы), өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 12 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және ҚР ӘҚБтК-нің 298-бабы 1-бөлігі және 3-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жазалар салынды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде «Қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.