«АрселорМиттал Теміртау» АҚ тексеру нәтижелері

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қауіпті өндірістік объектілеріне тексеру жүргізді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі металл өнімдерін дайындау және сату болып табылады.

Тексеру барысында көпір крандары, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар, қазандар, газ құбырлары, металлургиялық жабдықтар және басқалары тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 471 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және ҚР ӘҚБтК-нің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:

- Кокс газ құбырларының, домна газдарының, газ жабдықтарының (скрубберлер, адсорберлер), жүк көтергіш крандардың өнеркәсіптік қауіпсіздігіне сараптаманы жүзеге асырмау, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілердің өнеркәсіптік қауіпсіздігіне сараптама ұсынымдарын орындамау;

- қызметтің нормативтік мерзімі біткен қауіпті өндірістік объектілер мен қауіпті техникалық құрылғыларды уақтылы жаңартуды жүзеге асырмау;

- өндірістік ғимараттар мен технологиялық құрылыстарды уақтылы тексеруді және диагностикалауды жүзеге асырмау;

- технологиялық регламентке сәйкес жүк көтергіш крандардың көтергіш металл құрылымдарының элементтерін жобаларсыз және дәнекерлеу қосылыстарының сапасын бағалаусыз жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру;

- қауіпсіздік аспаптары мен құрылғылары істемейтін, сондай-ақ кезекті техникалық куәландырусыз жүк көтергіш крандарды пайдалануға жол беру;

- қауіпті өндірістік объектінің жұмыскерлер штатының жасақталмауы және басқалар болып табылады.

Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қауіп төндіретін бұзушылықтар бойынша Қарағанды облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа 21 бірлік қауіпті өндірістік объектілер мен қауіпті техникалық құрылғыларды тоқтата тұру туралы талап арыз жіберу түрінде жедел ден қою шаралары қабылданды.

Сонымен, тоқтата тұру туралы акт:

- қысымның жоғарылауынан сақтайтын істен шыққан құрылғылары бар 6 қазандық агрегатқа (басты сақтандыру құрылғысы және қазанды пайдаланудың қауіпсіз шарттары мен есептік режимдерін қамтамасыз ететін құрылғының импульстік клапаны);

- конверторлық цехтың және металл сынықтары мен болат қождарын қайта өңдеу цехының 6 көпірлі крандарына;

- домна, кокс және аралас газ цехының 5 газ құбырына;

- нормативтік қызмет мерзімін өтеген 2 шыңды химиялық су тазарту бойлеріне;

- домна цехының 2 қожды лафетіне берілді.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын басшылығымен және жұмыскерлерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Қара, түсті, бағалы металдардың балқымаларын және осы металдардың негізінде алынатын қорытпаларды өндіру бойынша қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларынның», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың» талаптары түсіндірілді.