
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары 2022 жылғы 28 наурыз бен 13 сәуір аралығында, 2022 жылғы бірінші жартыжылдыққа өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Ком-Мұнай» ЖШС қауіпті өндірістік объектілері мен техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының аумағында орналасқан «Комсомольское» мұнай және газ кен орнын игеру және пайдалану болып табылады.
Тексеру барысында 41 объекті тексерілді (мұнай ұңғымалары, су ұңғымалары, топтық қондырғылар, мұнай жинау пункті, мұнай дайындау қондырғысы, компрессорлық станциялар және басқалар), өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 13 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және ҚР ӘҚБтК-нің 298-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын басшылығымен және қызметкерлерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптары, оның ішінде: «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары» және «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары» түсіндірілді.