«Құмкөл Транс Сервис» ЖШС тексеру нәтижелері

«Құмкөл Транс Сервис» ЖШС тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторы 2022 жылғы 15-28 ақпан аралығында 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Құмкөл Транс Сервис» ЖШС қауіпті өндірістік объектілері мен техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі Қызылорда облысының аумағында орналасқан «Сарыбұлақ», «Қайнар», «Соркөл» кен орындарында мұнай мен газды барлау, өндіру және қайта өңдеу болып табылады.

Тексеру барысында 65 объект тексерілді (ұңғымалар, топтық қондырғы, суды алдын ала ағызу қондырғысы, газды қайта өңдеу қондырғысы, құбырлар, коллекторлар). Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзудың 30 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспектормен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және ҚР ӘҚБтК-нің 298-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын басшылығымен және жұмыскерлерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасы, оның ішінде: «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары» және «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары» түсіндірілді.