«Сағыз Петролеум Компани» ЖШС тексеру нәтижелері

«Сағыз Петролеум Компани» ЖШС тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары 2022 жылдың 14 ақпан мен 04 наурыз аралығында 2022 жылғы бірінші жартыжылдығына арналған тексеру кестесіне сәйкес, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша «Сагиз Петролеум Компани» ЖШС-нің қауіпті өндірістік объектілері мен техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі Ақтөбе және Атырау облыстарының аумағында орналасқан Сағыз блогының мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану болып табылады. Атырау облысының аумағында: Оңтүстік Бесшоқы, Шоқат, Дулат, Шығыс Сарықұмақ, Батыс Сарықұмақ, Солтүстік Жантерек, Қарашқазған, Жартөбе, Солтүстік Орысқазған кен орындары бар.

Тексеру барысында 25 объект (ұңғымалар қоры, мұнай дайындау пункті, мұнай жинау пункті, сорғы станциясы, төгу-құю терминалы, резервуарлық парк, құбырлар, жүк көтергіш механизм, қысыммен жұмыс істейтін ыдыс) тексерілді, 13 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзушылық анықталды. Инспекторлар анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берді және ҚР ӘҚБтК-нің 298-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын басшылығымен және қызметкерлерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары», «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары» және «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптар» түсіндірілді.