
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары 2022 жылғы 14 ақпан мен 04 наурыз аралығында 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған тексеру кестесіне сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша «АП-Нафта Оперейтинг» ЖШС қауіпті өндірістік объектілері мен техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын өз қызметін Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы «Кемеркөл» кен орнында жүзеге асырады. Қызметтің негізгі түрі мұнай мен газды барлау, өндіру, қайта өңдеу, тасымалдау, мұнай операцияларын жүргізуге байланысты кең бейінді қызметтерді көрсету болып табылады.
Тексеру барысында 12 объект (өнеркәсіптің мұнай және газ салаларының объектілері, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар, жүк көтергіш механизм және газ құбыры) тексерілді, 11 өнеркәсіптік қауіпсіздік бұзушылықтары анықталды. Инспекторлар анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берді және ҚР ӘҚБтК-нің 298-баптың 1-бөлігі және 306-бабы 4-тармағы бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын басшылығымен және қызметкерлерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары», «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары» және «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптар» түсіндірілді.