
2022 жылғы 3 наурызда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Р.М. Шаяхметовтың төрағалық етуімен «Мұнара крандарын пайдалануға байланысты Алматы облысы аумағында авариялар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу» тақырыбында мұнара крандарын пайдаланатын ұйымдардың, Алматы облысы құрылыс басқармасы және Алматы облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.
Кеңесте кәсіпорындардағы өндірістік бақылау мәселелері (жүк көтергіш крандардың қызмет көрсетуші персоналына рұқсат беру және біліктілігі); монтаждау жұмыстарын, жөндеу, техникалық қызмет көрсету және мұнара крандарын техникалық куәландыруды жүргізетін мамандандырылған ұйымдардың қызметі; нормативтік қызмет ету мерзімі өткен крандарды тексеруге қойылатын талаптар, сондай-ақ өзекті проблемалық мәселелер және оларды тиімді шешу жолдары талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша жүк көтергіш крандарды пайдаланатын ұйымдарға:
- аварияға немесе жазатайым оқиғаға әкелуі мүмкін анықталған ақаулықтар кезінде, сондай-ақ аттестатталған персонал болмаған кезде мұнара крандарының жұмысын дереу тоқтатуға;
- қауіпті өндірістік объектінің қызмет көрсетуші персоналының теориялық және практикалық білімінің жоғары деңгейі;
- олардың техникалық жағдайына бақылауды күшейту, жүк көтергіш крандарға техникалық қызмет көрсетуді, жөндеуді, техникалық куәландыруды уақтылы жүргізу ұсынылды.
Сонымен қатар, Департамент авариялар мен оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында мұнара крандарын пайдаланатын ұйымдарға және аудандық әкімдіктерге «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары «Талаптарының нормаларын сақтау қажеттігі туралы» түсіндірме хат жолдады.
Департамент осындай түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүзеге асырады және қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын ұйымдарға әдістемелік көмек көрсетеді.