Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің инспекторлары 2022 жылғы 14 ақпан мен 2022 жылғы 4 наурыз аралығындағы кезеңде «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының көмір департаменті «Восточная» ОБФ-да өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайының ерекше тәртібі бойынша тексеру жүргізді.
Тексеру барысында 145 нысан тексеріліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 229 бұзушылығы анықталды. Бұзушылықтардың негізгі бөлігі ғимараттар мен технологиялық құрылыстарды күтіп ұстауға және уақтылы жөндеуге, ғимараттардағы аспирация жүйелерінің жай-күйіне, электр жабдықтарын пайдалануға және өртке қарсы қорғаныс жағдайына келеді. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін: «Көмір қабылдау» цехында 122-1-позициядағы ГЦЛ-3 елегіне, 131-позициядағы ленталық конвейеріне; «Байыту» цехында 2053б2 позициядағы ФВИ-1001 центрифугасына, ГИСЛ-62 грохотына пайдалануды тоқтата тұру актісі жасалды және Қарағанды облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолданды.
Инспекторлар анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 298-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік айыппұл салды.
Тексеру қорытындысы бойынша 2022 жылғы 4 наурызда кәсіпорынның басшылығымен және қызметкерлерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды және оларды жою мерзімдері талқыланды.