Мамандардың Біліктіліктің кәсіби стандарттар талаптарына сәйкестігін растауы

Мамандардың Біліктіліктің кәсіби стандарттар талаптарына сәйкестігін растауы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 299 бұйрығымен бекітілген өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарға сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіптік стандарттарының біліктілік талаптарына сәйкестігін растаған мамандар болуға тиіс.

Еңбек заңнамасына сәйкес кәсіби стандарт – бұл кәсіби қызметтің нақты саласында біліктілік деңгейі мен құзыреттілігіне, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт.

Кәсіби стандарт қызметкерге кәсіби қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыру, оның ішінде белгілі бір еңбек функциясын орындау үшін қажетті біліктілік сипаттамасын (білім, білік, кәсіби дағдылар деңгейі және жұмыс тәжірибесі) білдіреді. Кәсіптік стандарттарды әзірлеу және енгізу тәртібі еңбек заңнамасымен реттеледі.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 117-бабына сәйкес кәсіптік стандарттарды әзірлеуді, енгізуді, ауыстыруды және қайта қарауды жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) салалық біліктілік шеңберлері негізінде жүргізеді және оларды еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы бекітеді.

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы орынбасарының 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 270 бұйрығымен «Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қызметтер» салалық біліктілік шеңбері шеңберінде кәсіби стандарттар бекітілді.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлттық палата экономика салаларында кадрларды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру, сертификаттау және аттестаттау және техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту саласындағы функциялар шеңберінде мамандардың біліктілігін тәуелсіз сертификаттауды жүзеге асырады және техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кәсіптері (мамандықтары) бойынша кәсіптік даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру және біліктілік беру жөніндегі оқу орталықтарын құрады.

Кәсіптік стандарттарды бекіту, техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кәсіптері (мамандықтары) бойынша кәсіптік даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру және біліктілік беру бойынша білім беру ұйымдарының тізілімін қалыптастыру және жүргізу, мамандарды сертификаттау орталықтарының тізілімін және сертификатталған мамандар тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібі «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы жүйесінде адами капиталды дамыту мәселелері бойынша 25.01.2019 жылғы өзара іс-қимыл Регламентінде белгіленген (24.06.2019 жылғы № 121 өзгеріс).

Осылайша, мамандардың біліктілігінің кәсіптік стандарттардың талаптарына сәйкестігін растау өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы аттестатталатын жұмыс түрлерін жүргізу үшін қажетті білім деңгейін ұстап тұру мақсатында жүзеге асырылады.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама мамандарды кәсіптік даярлау және қайта даярлау тәртібін белгілемейді, сол сияқты даярлау рәсіміне және кәсіптік қызметке дайындығын айқындауға қойылатын талаптарды белгілемейді. Кадрларды даярлау және кәсіптік қызмет саласында біліктілік беру мәселелері, оның ішінде білім беру бағдарламалары бойынша даярлау және қайта даярлау мәселелері өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамамен реттелмейді.

Осыған байланысты, мамандар біліктілігінің кәсіби стандарттар талаптарына сәйкестігін растауды «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы қалыптастыратын мамандарды сертификаттау орталықтары жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасындағы Ұлттық біліктілік жүйесі туралы өзекті ақпарат «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының интернет-ресурсында орналастырылған https://atameken.kz/kk/services/16-professionalnyye-standarty-i-tsentry-sertifikatsii-nsk