
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінде (бұдан әрі – Департамент) 2021 жылдың 28 маусымында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы, «Атырауаугазинвест» ЖШС және «Жылыойгаз» ЖШС өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің тапсырмасы негізінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалының балансындағы жоғары қысымды (0,4 МПа) жер асты газ құбырында орын алған апатты тергеу материалдары бойынша профилактикалық іс – шара ұйымдастырды.
Ұйымдастырылған шара барысында газ тасымалдаумен айналысатын ұйымдарының өкілдері газбен жабдықтау жүйесін пайдаланатын әрбір ұйымда техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйесін қоса алғанда, газ тарату жүйесі мен газ тұтыну объектілерін жарамды күйде ұстауды және талаптардың нормаларын сақтауды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені орындалып жатқандығы және мұржа мен желдеткіш арналардың пайдалануға жарамдылығын анықтаумен айналысатын ұйымдарды белгілі бір аудандарда жұмыстар атқаруға ұйымдастырылып жатқандығын айтып өтті.
Департамент тарапынан газ құбырларында ылғал мен конденсаттың болуын тексеру, оларды жою бітеліп қалу мүмкіндігін болдырмау, газ құбырларына орнатылған бекіту арматурасы мен компенсаторларға жыл сайын техникалық қызмет көрсету, болаттан және полэтиленнен жасалған газқұбырларына уақытылы техникалық тексерулер жүргізіп отыру тапсырылды.
Сонымен қатар, тұрғын үйлердің пештерінде жанарғылар (фарсунок) орнатуға жол бермеу, сондай-ақ табиғи газды тұтынушылармен газдың қауіптілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.