
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік Комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы №375 Кәсіпкерлік кодексінің, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі №188-V "Азаматтық қорғау туралы" Заңының және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 09.12 №76 бұйрығымен бекітілген 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған тексеру кестесінің негізінде, сондай-ақ, "өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 15 желтоқсандағы №1206 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №814 бірлескен бұйрығына және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес, 2021 жылғы 19 мамыр 31 мамыр аралығында "МунайФилдСервис" ЖШС-нің қауіпті өндірістік объектілерінде ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізілді.
«МунайФилдСервис» ЖШС - нің қызметі - мұнай және табиғи газ өндіру кезіндегі техникалық қолдау болып табылады. Кәсіпорын 2003 жылдан бастап, Маңғыстау облысында орналасқан «Өзен» және «Қарамандыбас» кен орындарында жұмыс жүргізуде.
Департаменттің мемлекеттік инспекторлары COVID-19 коронавирустық инфекциясына жол бермеу бойынша барлық санитариялық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, тексеру басында кәсіпорынның басшылығымен және инженерлік-техникалық құрамымен кеңес өткізді. Аталған кеңесте «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген соңғы толықтырулар мен өзгерістерге қатысты түсініктемелер берілді. Кейін, әртүрлі қауіпті өндірістік объектілер бойынша бірнеше тексеруші топтарға бөлінетін маршрут жасақталды.
Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қағидалар мен нормаларды бұзудың 20 тармағы (оның ішінде: тәуекелдің өрескел дәрежесінің 4-і және тәуекелдің елеулі дәрежесінің 16-ы) анықталды. Мынадай сипаттағы бұзушылықтар болды: өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында бекітілген және келісілген жобалау құжаттамалары ұсынылмады, Aварияларды жою жоспары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметімен келісілмеген, баллондарды пайдалану, сақтау және тасымалдау бойынша технологиялық регламент ұсынылмады, ұңғымалардың сағаларына дроссельдеу және ШҚЖ бітеу желілері орнатылмаған және т.б.
Тексеру аяқталғаннан кейін, жіберілген бұзушылықтар үшін «МунайФилдСервис» ЖШС басшылығына тексеру нәтижелері туралы акті, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама және ҚР ӘҚБтК 298 – бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғау туралы хаттама берілді және қысқартылған өндіріс тәртібімен 145 850 теңге (50 АЕК) сомасына әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар, «МунайФилдСервис» ЖШС-не ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 152-бабының 4-тармағында көзделген құқықтары түсіндірілді, оларды бақылау және қадағалау субъектісі қосымша уақытша және (немесе) қаржылық шығындардың қажеттілігіне байланысты Департаментке нұсқаманың кейбір тармақтарын жою мерзімдерін ұзарту туралы өтініш бере алатындығы айтылды.