GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Қызметі
Әкім аппараты
Байланыс ақпараты
Все материалы
21 октября 2026
Қостанайдағы индустриялық аймақ аумағы кеңейеді

Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов 2026 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және жыл соңына дейінгі міндеттер тақырыбында өткен аймақ әкімдігінің отырысында айтты. 2026 жылы Қостанайдағы индустриялық аймақ аумағын 400 гектардан 587 гектарға дейін кеңейту туралы шешім қабылданған.

Мемлекет басшысы ел экономикасының жыл сайынғы өсімін 6%-ке қамтамасыз ету туралы міндет қойған еді. Облысымызда бұл тапсырма екі жыл бойы асыра орындалып келеді. 2024 жылы 8%-тен асты, 2025 жылы 9%-ке жетті. Биылғы міндетіміз – кемінде 6% өсім. Былтыр экономика 9%-ке жетті.

Экономиканың негізгі қозғаушы күші – өңдеу өнеркәсібі. Оның облыс өнеркәсібіндегі үлесі 73%-ті құрап отыр. Өңдеу өнеркәсібінің өсуі жаңа өндіріс орындарын ашуға және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын кеңейтуге қолайлы жағдай жасауға тікелей байланысты.

«Осындай маңызды құралдардың бірі – Қостанай қаласындағы индустриялық аймақ. 2026 жылы оның аумағын 400 гектардан 587 гектарға дейін кеңейту туралы шешім қабылданды. Бұл жаңа инвестициялық жобаларды тартуға және өңдеу өнеркәсібінің одан әрі дамуына мүмкіндік береді», – деді аймақ басшысы.

Жиында ауыл шаруашылығы мәселелері де кеңінен талқыланды. Себебі бұл – экономиканың екінші негізгі саласы. Биыл ауыл шаруашылығының өсімі 11,4%-ды құрады. Соңғы екі жылда Ел Президентінің тапсырмасына сай агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қомақты қаражат бөлінуде. Атап айтқанда, 2025 жылы 207 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 326 млрд теңгеге жетті. Бұл ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын, қосалқы бөлшектерді, тыңайтқыштар мен тұқымдарды уақытылы сатып алуға және көктемгі егіс науқанына сапалы дайындалуға толық мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта облыста 16 тауарлы сүт фермасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Оның 8-і пайдалануға берілді, тағы 5 ферманың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін қосымша 3 ферманың құрылысын бастау жоспарланып отыр. Аталған 16 ферманың 5-еуі – Алтынсарин ауданында, Меңдіқара және Федоров аудандарында – 3 фермадан, Қостанай ауданында – 2, ал Қарабалық, Әулиекөл және Бейімбет Майлин аудандарында бір-бір ферма бар.

«Биыл мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Ол асыл тұқымды импорттық мал сатып алуға, жаңа фермалар салуға, соның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары аясында жеңілдетілген несие беруді көздейді. Осы мақсаттарға облысқа 35 млрд теңге бағытталды. Кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда, «Даму» қоры арқылы несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру тетігі қарастырылған», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, «Жайлау» бағдарламасы аясында мемлекеттік сараптамадан өту міндеттілігі алынып тасталып, оның орнына жеке сараптама жүргізуге мүмкіндік берілді.

Бүгінгі таңда «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 8 өтінім түсті. Бұл жеткіліксіз. 10 ауыл шаруашылығы құрылымы сүтті және етті бағыттағы 5 150 бас ірі қара мал сатып алу туралы келісімшарт жасасты. Шаруашылықтар 2 540 бас мал алу үшін Австралияға барады. Алайда Жангелдин ауданының өкілдері аталған бағдарламалардың ешқайсысына қатысқан жоқ.

Жиынға қатысушылар тұрғын үй мәселесіне де тоқталды. Облыс әкімі қазіргі уақытта 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқанын, жыл соңына дейін 520 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін жеткізді.

«Қазіргі уақытта 21 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың ең ірілері – Қостанай қаласындағы теннис орталығы, көпфункционалды стадион,  мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Астана» шағын ауданындағы спорт сарайы, Арқалық қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және жабық хоккей корты. Соңғы үш жылда облыста 1 700 әлеуметтік пәтер берілді. Биыл тағы 1 336 пәтер беру жоспарланып отыр. Өткен жылы 540 пәтер берілді», – деді Құмар Ақсақалов.

Аймақ басшысы алдымызда экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету міндеті тұрғанын, барлық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін үйлесімді жұмыс, әрбір басқарма басшысының, қала мен аудан әкімдерінің бар күшін жұмсауы және жеке жауапкершілігі қажет екенін тапсырды.

17 октября 2026
Қостанай облысында Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары өтеді

Республика күні қарсаңында Қостанай облысында 2026 жылғы 17 қазаннан 27 қазанға дейін қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді. Бұл күні тұтынушыларға түрлі тауарлардың кең таңдауы төмендетілген бағамен ұсынылатын болады.

Мерекелік ұсыныстардың ең қызу кезеңі 21–27 қазан аралығына жоспарланған. Дәл осы күндері акциялардың негізгі бөлігі, арнайы бағалық ұсыныстар мен мерекелік жеңілдіктер болады. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды тиімді шарттармен сатып ала алады.

Жалпыреспубликалық науқанның бастамашылары - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар.

Акцияларды өткізу ұлттық мерекеге орайластырылған және халық үшін қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға әрі ішкі саудаға қосымша серпін беруге бағытталған. Отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.

Қостанай облысында «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларына қатысатын сауда нысандарының толық тізімімен және олардың мекенжайларымен төменде танысуға болады.

 

 

Қостанай облысы әкімдігінің

баспасөз қызметі

 

 

«Republic Day» республикалық акциясы

 

1

Қостанай облысы

"Kostanay PLAZA" СОО

Қостанай қ.,

Назарбаев даңғ., 193

 

2

Қостанай облысы

"Mart" СОО

Қостанай қ.,

Әл-Фараби даңғ., 48

 

3

Қостанай облысы

"Апельсин" СО

Қостанай қ., Екатеринбург-Алматы трассасы 550 км.

 

4

Қостанай облысы

"ЦУМ" СО

Қостанай қ.,

Әл-Фараби даңғ., 65

 

5

Қостанай облысы

"Казахско-французскийский центр" СҮ

Қостанай қ.,

Гоголь к-сі, 85а

 

6

Қостанай облысы

"Емшан" СО

Қостанай қ., Абай даңғ., 34а

 

7

Қостанай облысы

"ЦУМ" СО

Рудный қ., Ленин к-сі, 60

 

«Bereke Fest» республикалық акциясы

 

1

Қостанай облысы

"Астыкжан" СЖ

Қостанай қ., Абай даңғ., 1Б

 

2

Қостанай облысы

"Астыкжан" СЖ

Қостанай қ., Урожайная к-сі, 22

 

3

Қостанай облысы

"Астыкжан" СЖ

Қостанай қ., Назарбаев даңғ., 193

 

4

Қостанай облысы

"Солнечный" СЖ

Қостанай қ., Бородин к-сі, 107

 

5

Қостанай облысы

"Солнечный" СЖ

Қостанай қ., Карбышев к-сі 85

 

6

Қостанай облысы

"Солнечный" СЖ

Қостанай қ., Екатеринбург-Алматы трассасы 550 шақырым 6 ғимарат

 

7

Қостанай облысы

"Солнечный" СЖ

Қостанай қ., Юбилейный 21

 

8

Қостанай облысы

"Солнечный" СЖ

Қостанай қ., Герасимов к-сі 2Б

 

9

Қостанай облысы

"Солнечный" СЖ

Қостанай қ., Қайырбеков к-сі 379

 

10

Қостанай облысы

"Солнечный" СЖ

Қостанай қ., Промышленная көшесі, 53

 

11

Қостанай облысы

"Солнечный" СЖ

Заречное ауылы, Юбилейная көшесі, 2а

 

12

Қостанай облысы

"Солнечный" СЖ

Қостанай қ., Қорған к-сі 2а

 

13

Қостанай облысы

"Солнечный" СЖ

Арқалық қ., Байтұрсынов к-сі, 15

 

14

Қостанай облысы

"Small" СЖ

Қостанай қ., Тәуелсіздік к-сі, 135

 

15

Қостанай облысы

"Small" СЖ

Қостанай қ., Әл-Фараби даңғ., 48

 

16

Қостанай облысы

"Small" СЖ

Қостанай қ., Абай даңғ., 68а

 

17

Қостанай облысы

"Корзинка" СЖ

Қостанай қ., Алтынсарин к-сі 32

 

18

Қостанай облысы

"Mister Apelsin" СЖ

Қостанай қ., Гоголь к-сі 61

 

19

Қостанай облысы

"Zetro" СЖ

Қостанай қ., Маяковский к-сі 105/1

 

 

 

16 октября 2026
«Астана» шағын ауданында өңірдегі ең үлкен Спорт сарайының құрылысы жүргізілуде

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Астана» шағын ауданында салынып жатқан жалпы ауданы 20,4 мың шаршы метрді құрайтын өңірдегі ең үлкен Спорт сарайының құрылыс жұмысын тексерді.

Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту мен қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға айрықша мән береді.

«Соңғы 3,5 жылда өңірімізде 30-дан астам спорт нысаны салынды.

Қазіргі уақытта Қостанай қаласында үстел теннисі орталығы, көпфункционалды стадион, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Жекпе-жек сарайы, ал Арқалық қаласында жабық хоккей корты және көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.

Нысан спортшылардың, жастардың және облыс тұрғындарының басын қосатын орталыққа айналады.

Мұнда 3 мың көрерменге арналған трибунасы бар бас арена, бокс, күрес түрлерімен шұғылданатын залдар, гимнастика, тренажер залдары мен скалодром болады.

16 октября 2026
Аймақ басшысы инвесторлармен кездесті

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов кореялық инвесторлармен кездесті. KK Solutions, Sinchang және Entech IAE компаниялары ынтымақтастықты нығайту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында көмірді газдандыру технологиясына негізделген инвестициялық жобасын ұсынды. Жоба аясында жылына 57 мың тонна карбамид өндіру, 180 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда.

Жобаны одан әрі пысықтау үшін оның техникалық параметрлері, іске асыру мерзімдері, қаржыландыру көздері және қажетті инфрақұрылым мәселелері талқыланды.

Өңіріміздің экономикалық, өнеркәсіптік, логистикалық мен нарықтық әлеуеті шетелдік инвесторларға қолайлы мүмкіндіктер ұсынып отыр. 2025 жылы Қостанайда жылына 70 мың автокөлік өндіретін Kia зауыты ашылды, 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Seoyeon E-hwa компаниясымен автокомпоненттер шығару инвестициялық жобасы іске асырылуда. 170-тен астам жұмыс орны ашылады.

«Біз заманауи технологияларды енгізу және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы өңір экономикасын дамыту үшін инвестициялық жобаға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді аймақ басшысы.

16 октября 2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінің 35 жылдық мерейтойымен құттықтауы

Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінің 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақ даласында білім мен ағартушылықтың шамшырағы болған ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен өнегелі жолын, бай мұрасын насихаттап келе жатқан музей өңіріміздің рухани-мәдени өмірінде ерекше орын алады.

1991 жылы ұлы ағартушының туғанына 150 жыл толуына орай ашылған музей бүгінде тарихи жадымызды жаңғыртып, ұлттық құндылықты дәріптейтін ғылыми-танымдық орталыққа айналды. Мәдени орда жас ұрпаққа бірегей тұлғаның ағартушылық идеяларымен бірге, білімге құштарлық пен отансүйгіштік қасиеттерді дәріптеп келеді.

Айтулы күні мұражай ұжымына зор денсаулық, отбасыларына амандық, шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілеймін. Ұлы ұстаздың мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!

Мерейтой құтты болсын!

16 октября 2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Дүниежүзілік нан күнімен құттықтауы

Құрметті жерлестер!

Сіздерді бүгінгі Дүниежүзілік нан күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Аграрлық әлеуеті жоғары өңіріміз үшін бұл мерекенің маңызы айрықша. Ел арасында «Түйір нан – тамшы тер» деген тәмсіл бекер айтылмайды. Нан – адал еңбектің, ырыс пен берекенің нышаны.

Биыл облысымызда ауыл шаруашылығын дамытуға 323,4 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 56%-ке артық. Мемлекеттік қолдаудың арқасында диқандарымыз мол өнім жинап, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 6 миллион тоннадан асты.

Бүгінде өңірімізде аграрлық салаға озық технологиялар енгізіліп, қайта өңдеу өндірісі дамып, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мұның барлығы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Әрбір дән мен бөлке нан мыңдаған еңбек адамының қажырлы еңбегінің жемісі. Дастарханымызды молшылыққа кенелтіп жүрген еңбек адамдарына алғысымды білдіремін!

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Әр шаңырақтың несібесі арта берсін.

Мереке құтты болсын!

15 октября 2026
Облыстық балалар ауруханасы қайта ашылады

Қостанайда 2021 жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған облыстық балалар ауруханасына қатысты түйткілді мәселе оң шешімін тапты. Нысан толық күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтты.

Аймақ басшысы бір жылдан астам уақытқа созылған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталғанын жеткізді. Ең бастысы – қаржы мәселесі шешілген.

Аурухананы жөндеуге қажет қаражат республикалық бюджеттен толық көлемде бөлінді.

«Бұл – өңіріміз үшін жағымды жаңалық. Қазіргі уақытта тиісті рәсімдер жүргізілді, жөндеу жұмыстарын осы жылдың соңына дейін бастауға дайынбыз», - деді облыс әкімі.

Облыс әкімі жобада ғимаратты күрделі жөндеумен қатар, іші заманауи медициналық жабдықтармен толық жабдықтау қарастырылғанын атап өтті.

Айта кетейік, Қостанай облыстық балалар ауруханасының жабылуы соңғы жылдары тұрғындар арасында жиі сынға ұшыраған болатын. Ата-аналар балаларын басқа ауруханаларға апаруға мәжбүр еді. Енді өңірдегі балаларды емдейтін басты мекеме қайта жанданбақ.

 

14 октября 2026
Қостанай облысында 44 га аумақта экопарк ашылды

Қостанай қаласының сыртындағы 43,8 гектар аумақты алып жатқан экопарк өңіріміздің экологиялық әрі мәдени өміріндегі айтулы оқиға екені анық. Құны 660 миллион теңге болатын саябақтың ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге әйгілі зілтемірші, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, өңірдің қоғам белсенділері, спортшылар, ерікті жастар қатысты.

Қостанай ауданындағы Мичурин ауылдық округінің орман алқабында орналасқан жаңа экопарк тұрғындардың демалысына, спортпен шұғылдануына және табиғат аясында уақыт өткізуіне арналған. Жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асырылған.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының ірі қалалар мен облыс орталықтарының маңында экопарктер құру жөніндегі тапсырмасын орындаудың маңызын атап өтті.

Жаңа экопаркте тұрғындардың белсенді демалысына қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Мұнда футбол алаңы, воркаут аймағы, балалар ойын алаңы, жүгіру жолы және автотұрақ бар.

Жүгіру жолының ұзындығы – 2 015 метр, аумағы – 5 030 шаршы метр. Балалар ойын алаңы 5 050 шаршы метр жерді алып жатыр. Сондай-ақ экопарк аумағында кіреберіс қақпалар мен жерасты өткелі қарастырылған. Жерасты өткелі салынып жатқан «Астана» тұрғын алабымен байланысты қамтамасыз етуге арналған. Бұл тұрғындардың жаңа демалыс орнына қатынауын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны – 660 миллион теңге. Құрылыс пен абаттандыру жұмыстары осы жылы жүзеге асырылған.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Құмар Ақсақалов мұндай қоғамдық кеңістіктердің маңызына тоқталды.

«Қостанада қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Тек былтыр қалада 5 саябақ пен сквер ашылды. Алдағы жылы «Береке», «Юбилейный», «Қонай» шағын аудандарындағын абаттандырып, заманауи қоғамдық кеңістіктерге айналдыру жұмыстары жалғаса береді», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, экопарк тұрғындарға спортпен шұғылдануға, отбасымен бірге уақыт өткізуге және табиғат аясында тынығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай орындар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Қоршаған ортаны қорғау – тек табиғатты сақтау ғана емес, сонымен бірге адамдарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Сондықтан елді мекендердің айналасын көгалдандыруға, жасыл желекті көбейтуге және тұрғындарға арналған қоғамдық кеңістіктерді дамытуға ерекше мән беруіміз керек. Мұндай нысандар отбасылардың бірге уақыт өткізуіне, балалардың табиғатқа жақын болып өсуіне және тұрғындардың белсенді демалыспен айналысуына мүмкіндік береді, - деп өңірдегі экологиялық бастамалардың маңызын жеткізді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің сөзінше, өңірде мұндай қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жалғасады. Бұл бастамалар облыс орталығымен шектелмей, қалалар мен ауылдық елді мекендерді де қамтуы тиіс.

Экопарктің ашылу салтанатында Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Илья Ильин жиналған қауымға құттықтау сөзін арнап, спорт пен салауатты өмір салтының маңызын атап өтті. Оның салтанатты шараға қатысуы бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындарды белсенді өмір салтына ынталандыруға бағытталған бастамамен үндеседі. Жаңа экопарк тұрғындарға серуендеп қана қоймай, жүгірумен және басқа да дене шынықтыру жаттығуларымен айналысуға мүмкіндік береді.

Қостанай облысында қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірнеше бастама қолға алынған.

Облыс әкімінің мәліметінше, Қостанай қаласында экотакси қызметі іске қосылған. Сонымен қатар өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Қазір облыста екі күн электр станциясы мен бес жел электр станциясы жұмыс істейді. Бұған қоса, ауылдық жерлерде қоқысты бөлек жинау тәжірибесі енгізіліп жатыр. Бұл шаралар өңірде жасыл экономиканы дамытуға, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа экопарк Қостанай ауданы тұрғындарының табиғат аясында демалуына, балаларымен серуендеуіне және спортпен айналысуына мүмкіндік береді. Мұнда серуендеу мен жүгіруге арналған жолдардан бастап, балалар алаңы мен спорттық нысандарға дейінгі инфрақұрылым қарастырылған.

09 октября 2026
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасала береді

Қазіргі таңда аймағымызда 29,6 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, оның 4 мыңға жуығы – балалар. Облыста балалар мен мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 41 ұйым жұмыс істейд. 2026 жылдың басынан бері 1 337 мүгедектігі бар бала арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста бұрынғы өңірлік резиденция базасында 60 орындық оңалту орталығы ашылды. Онда жылына 18 жасқа дейінгі 900 балаға қызмет көрсетеді.

Орталықты заманауи реабилитациялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 1 млрд теңге бағыттады.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева өңірімізге келген сапарында Қостанай облысының әкімімен бірге Қостанайдағы оңалту орталығына арнайы барды. Ғимараттағы мамандандырылған кабинеттерді көрді. Орталық аумағында қор қаражатына салынып жатқан спорт нысандарымен танысты. Оның ішінде спорт алаңдарын салуға дайындалған учаскелер – футбол алаңы, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған спорт алаңы: мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шағын сәулет нысандарымен (ШАН) жабдықталған ойын алаңы, мектеп жасындағы балаларға арналған тренажерлармен жабдықталған спорт алаңы бар.

09 октября 2026
ТАЗАЛЫҚҚА БАСТАР ЖОЛ: ФЕДОРОВ АУДАНЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ЭКОКВЕСТКЕ ҚАТЫСТЫ

Федоров ауданында «Тәуелсіздік» алаңында аудандық «Достық керуені» фестивалі мен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында оқушылар мен жастарға арналған экологиялық квест өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға баулу және өскелең ұрпақты қоғамдық пайдалы жұмыстарға тарту.

Қатысушылар бірнеше тақырыптық бекеттен тұратын арнайы маршрут бойынша тапсырмаларды орындады. Әр бекетте оларды экологияға қатысты сұрақтар, ребустар, зейін мен логиканы қажет ететін тапсырмалар, сондай-ақ командалық жұмысты талап ететін түрлі сынақтар күтті.

Квесттің заманауи форматын цифрлық технологиялар да толықтырды. Келесі бекетке өту үшін қатысушылар смартфон арқылы QR-кодтарды сканерлеп, маршруттың бағытын өздері анықтап отырды.

Ұйымдастырушылар экологиялық білімді тәжірибелік жұмыспен ұштастыруға ерекше мән берді. Жастар белгіленген аумақтардағы қоқыстарды жинап, айналаны ретке келтіріп, жиналған қалдықтарды сұрыптады. Осылайша экология туралы алған білімдерін нақты іспен бекітіп, қоғамдық кеңістікті абаттандыруға өз үлестерін қосты.

«Біз жастарға экологиялық жауапкершілік әр адамнан басталатынын көрсеткіміз келді. Сондықтан квест барысында білімді, ойын элементтерін және практикалық жұмысты бір арнаға тоғыстырдық», – деді Жастар ресурстық орталығының спикері Г. Б. Кабденова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат экологиялық тақырыпты жастар үшін түсінікті әрі қызықты етіп жеткізуге мүмкіндік береді. Қатысушылар жаңа білім алып қана қоймай, бірлескен еңбектің нақты нәтижесін де көрді.

Экологиялық квест жастар арасында күнделікті өмірде қажет пайдалы дағдыларды қалыптастыруға да ықпал етті. Атап айтқанда, қоқысты кез келген жерге тастамау, тазалықты сақтау, қалдықтарды дұрыс сұрыптау және қоғамдық орындарға ұқыпты қарау сияқты қарапайым әдеттердің маңызы түсіндірілді.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында осындай іс-шараларды өткізу жастардың экологиялық мәдениетін арттырып, оларды табиғатты қорғау және қоғамдық пайдалы жұмыстарға белсенді араласуға ынталандырады.

Федоров ауданында өткен экологиялық квест қоршаған ортаны қорғау тақырыбын білім беру, ойын және тәжірибелік жұмыс форматтарымен ұштастыруға болатынын көрсетті. Ең бастысы – экология туралы айтумен шектелмей, оны нақты әрекетке айналдыру.

Социальные сети
Қостанай Облысының Әкімшілігі
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы