
Қостанай облысында денсаулық сақтау жүйесін дамыту басты басымдықтардың бірі болып қала береді. 2025 жылы бұл салаға 110 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, бұл өткен жылғы деңгейден жоғары. Қаражат медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және мамандарды тартуға бағытталуда.
Медициналық жабдықтарды жаңарту
Науқастарды сапалы диагностикалау және емдеу деңгейін арттыру үшін медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Биыл осы мақсатқа 7 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп.
Ауылдық медицина дамуы
Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында соңғы екі жылда облыстың ауылдық елді мекендерінде 25 жаңа медициналық нысан салынды, оның ішінде:
• 5 дәрігерлік амбулатория,
• 19 фельдшерлік-акушерлік пункт,
• 1 медициналық пункт.
Сонымен қатар, ауылдық жерлерде дәріханалар желісі белсенді түрде дамып келеді. Соңғы екі жылда ауылдық елді мекендерде 324 дәріхана пункті ашылып, тұрғындарға тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мүмкіндігі жасалды.
Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету
Медициналық мекемелер мен тұрғындарды дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тұрақты мониторинг жүргізіліп, жеткізілімдер қатаң бақылауда. Облыста 405 дәріхана пункті жұмыс істейді, олар әрбір медициналық ұйым жанынан ашылған. Сондай-ақ, вакциналарды сақтау үшін арнайы дәріхана қоймасы бар.
Бұған қоса, 2025 жылы сирек кездесетін аурулары бар науқастарға өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерді сатып алуға 556 млн теңге қосымша қаражат бөлінді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары «СК-Фармация» ұйымымен бірлесіп, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылуда.
Медицина кадрларын тарту
Өңірдің медицина саласын білікті кадрлармен нығайту мақсатында 2024 жылы Қостанай облысына 345 дәрігер келіп, оларға 527,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. 2025 жылы кемінде 200 дәрігердің өңірге келуі күтілуде.
Денсаулық сақтау жүйесін кешенді дамыту
Қостанай облысында денсаулық сақтау жүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, медициналық мекемелерді жаңғырту және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Барлық жүргізіліп жатқан жұмыстар өңір тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.