ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев Қостанай облысында болып қайтты

ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев Қостанай облысында болып қайтты

ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев Қостанайда аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовпен бірге Елбасы Жолдауын талқылауға арналған облыстық актив жиналысына қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Президенттің 2018 жылғы 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел азаматтары үшін айрықша маңызға, әсіресе адам ресурсын дамытуға бағытталған әлеуметтік екпінге ие екенін атап өтті. «Сондықтан Жолдауда айтылған барлық ақпарат қала, аудан мен ауыл тұрғындарының әрқайсысына жете білуі тиіс. Қазір бұл бағытта облыс бойынша 21 ақпараттық топ жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ Жолдауды халыққа түсіндіру ісінде Қоғамдық даму министрлігі маңызды рөл атқарады» - деді А.Мұхамбетов.

Министр Дархан Қалетаевтың айтуынша, біріншіден, Жолдау халықты толғандырған нақты мәселелерді қамтыған. Олар: тариф, баға, тұрғын үй, коммуналдық қызметтер және денсаулық сақтау. «52 мың балабақша тәрбиешілері біліктілігін арттырып, ұлттық біліктілік тестін тапсыратын болады, ұстаздардың мәртебесі мен жалақыларын арттыру қолға алынбақ. Сонымен қатар еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығындағы өңделген өнім экспортын 2,5 есеге ұлғайту тапысырылды. Бұл нағыз сіздердің аграрлы аймаққа қатысты» - деп атап өтті Д.Қалетаев.

Министр жаңа Жолдауда айтылған негізгі бағыттардың түгеліне тоқталып өтті. Соның ішінде Жастар жылына қатысты да ойын ортаға салды. «Қазір жастарға арналған жеке бағдарлама қабылдау ойымызда жоқ, алайда біз жастар үшін 4 маңызды дүниеге баса мән беру керекпіз – білім беру, еңбекпен қамту, баспана және отбасы. Елімізде көптеген бағдарламалар қабылдануда, соның әрбірінде жастардың үлесі қамтылған. Осы айтылған 4 параметрді назарға ала отырып біз Жастар жылын атап өтпекпіз» - деді министр.

Дархан Қалетаев сондай-ақ Қостанайдағы ҮЕҰ үйінде аймақтық азаматтық сектор өкілдерімен кездесті. Министрдің айтуынша Қостанай тәжірибесі еліміздегі барлық облыстарға үлгі. Себебі дәл осы өңірде алғашқы болып барлық үкіметтік емес ұйым мүшелерін бір жерге тоғыстырған ресурстық орталық құрылды. Осы мақсатта қаладағы 1 мамыр көшесінен арнайы тарихи ғимарат белгіленіп, онда ұйымдар үшін өз кеңселерін ашып, түрлі шаралар өткізуге мүмкіндік ұсынылды. Министрмен кездесу барысында үкіметтік емес ұйым мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, пікір алмасты.

Сапар барысында Дархан Қалетав сондай-ақ Қарабалық ауданына да барды, облыс орталығындағы мешітте болып, бірқатар өндірістік нысандармен танысты.