Қостанайда облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының XХV есеп беру конференциясы өтті. Басқосуда облыстық партия ұйымы активінің 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстары баян етілді. Сондай-ақ, өңірдегі цифрландыру бағытында қолға алынған жобалар жайында айтылды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осы жылы партия филиалдарының өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты құрылымдық бөлімшелерде есеп беру-сайлау кампанияларының өткеніне тоқталды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев 2 жылда атқарылған істерге есеп берді. «Өткен 2 жылда тегін IT-сыныптарды ашу, IT-мамандарды даярлау, геоақпараттық онлайн қызмет, «English for jastar» сияқты жаңа жобалар іске асырылды. Мысалы, партия жобасы аясында Жітіқара ауданындағы № 3 орта мектепте ашылған IT-сыныпқа бірінші күннен бастап 25 бала оқуға келсе, бүгінде олардың саны 72-ге жетті.
IT-мамандарды даярлау шеңберінде Қостанай қаласындағы жоғары политехникалық және индустриалдық-педагогикалық колледждер базаларында екі IT-орталық ашылды. Қостанай жоғары политехникалық колледжінде мобильдік қосымша, web-парақтар, жоғары деңгейдегі бағдарлама тілдерін қолданатын интернет сайттар, ақпараттық қауіпсіздік бойынша 3-6 айлық қысқамерзімді білім беру бағдарламалары іске асырылады.
Біздің алдымызда енді осы қарқынды төмендетпей, заманауи құрылғылармен жабдықталған IT-сыныптарын ашуды жалғастыру мақсаты тұр», - деді Ж. Бисимбаев өз сөзінде. Конференция барысында облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің құрамы бекітіліп, делегаттардың қатысуымен оның алғашқы отырысы өтті. Іс-шара соңында облыс әкімі А.Мұхамбетов белсенді қызметі мен ерен еңбегі үшін бірқатар партия мүшелерін алғыс хаттармен марапаттап, жұмыстарына табыс тіледі.