Қостанай облысында су тасқынының қарқыны төмендеді. Айта кетерлігі, ірі елді мекендер мен қалаларды су басқан жоқ.
Су тасқыны кезеңінде 492 елді мекеннің 10-ы ғана зардап шекті.
Бүгінгі таңда Қарасу, Қостанай аудандары мен Қостанайдың алты елді мекеніндегі 161 жеке тұрғын үй су астында қалып отыр.
ТЖД қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдары, еріктілер мен тұрғындар арасынан мыңдаған көмекшілердің келісілген іс-әрекетінің арқасында су басу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік туды.
Қостанай, Тобыл қалаларында, Қостанай, Меңдіқара, Қарасу аудандарының елді мекендерінде су тасқынының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету шаралары әлі де жалғасып, жағалауды бекіту, қапшық құм төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыста 9099 адам Тобыл және Түнтегір өзендері бойынан қауіпсіз жерге көшірілді, 441 адам уақытша орналастыру орталықтарына, қалғандары туыстарының үйіне жеткізілді.
Уақытша орналастыру пункттерінде барлық жағдай жасалуда. Үш мезгіл ыстық тамақ беріліп, барлық қажетті заттармен (жеке гигиена құралдары, ауыз су, дәрі-дәрмек және т.б.) қамтамасыз етілген.
Су тасқыны кезеңінде шамамен 836,3 мың м3 су сорылды. 94,9 мың қап құм төселіп, 7 651 тонна инертті материал төгілді.
Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға, халықты эвакуациялау мен гуманитарлық көмекті таратуға 3 мыңға жуық ерікті жұмылдырылды.
Арнайы құрылған комиссиялар келтірілген залалды бағалау жұмыстарын жалғастыруда. Осы бағалаудың қорытындысы бойынша зардап шеккендердің барлығына келтірілген шығын толығымен өтелетін болады.