Қазақстандағы ең ірі диірмен кешені Қостанай облысында іске қосылды

Қазақстандағы ең ірі диірмен кешені Қостанай облысында іске қосылды
Телекөпір барысында Индустрияландыру күні аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа "Бэст-Қостанай" ЖШС ірі қостанайлық диірмен кешені таныстырылды, онда элеваторға астық түскеннен бастап дайын өнімді қаптауға дейінгі бүкіл өндірістік цикл бірыңғай компьютерлік есепке алуда тұр.
 
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына-155 мың тонна ұн. Диірмен мүлдем жаңа болғанына және оның жұмысын осы жылдың жазында іске қосқанына қарамастан, қазірдің өзінде мұнда бірқатар ТМД елдеріне - Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Ресейге экспорт жолға қойылды. Жоспарда - Қытай нарығына шығу.
 
Айта кетейік, бұл астық бойынша өнімділігі тәулігіне 700 тонна болатын Азиядағы алғашқы (Түркияны қоса алғанда) бірыңғай технологиялық желі, оған дейін ең өнімді желілер тәулігіне 500 тоннадан аспады. Бұл ретте барлық технологиялық процестер компьютерлендірілген. Бақылау мен басқарудың мультисистемалары ұн тарту өндірісін адамның қатысуынсыз толығымен автоматты режимге көшіруге мүмкіндік береді.
 
Егер қарапайым ұн тартатын кәсіпорындар бір, екі немесе үш сорттық ұнтақтауды өндірсе, жаңа технологияларды қолдану "Бэст-Қостанай" диірмен кешеніне бір уақытта, аса майда тартылған премиум класты ұннан бастап ірі тартылған ұнға дейін, дәннің құрамындағы А, тиамин, рибофлавин, никотин қышқылы және т.б. витаминдер барынша жоғары деңгейде сақталатын 5 сортты ұн өндіруге мүмкіндік береді.
 
Кәсіпорында атап өтілгендей, жобалардың тағы бір мақтанышы мен маңыздылығы - элеваторға астық түскеннен бастап дайын өнімді қаптауға дейінгі бүкіл өндірістік цикл бірыңғай компьютерлік есепке алуда, бұл кез келген уақытта өндірістік процестердің тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.
 
Сондай-ақ, өндірістік ақауға жол бермеу және өндірілетін өнімнің сапасын анықтау кезінде адам факторын болдырмау үшін алғаш рет "InNRsCAn" жүйесі қолданылды, бұл әртүрлі елдерден сатып алушылардың жеке тапсырыстарына сәйкес, өнімді премиум деңгейіне дейін жеткізе отырып, ұнның тұтынушылық қасиеттерін басқаруға мүмкіндік береді.
 
Диірмен кешенінің тағы бір ерекшелігі-қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту үшін кешеннің технологиялық желісі шаң жинау және шаң басу құрылғыларымен жабдықталған, соның арқасында атмосфераға шығарындылар шекті рұқсат етілген нормалардан аспайды және қоршаған ортаны ластамайды.
 
"Құрметті Елбасы! "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында бүгін біз Қазақстанда қуаттылығы жылына 155 мың тонна ұн болатын ірі, бірыңғай және толық автоматтандырылған диірмен кешенін іске қосамыз. Біздің облыс жыл сайын жылына 1 млн.тоннадан астам ұн өндіреді. Аталған кәсіпорынды іске қосу экспорттық әлеуетті 20% - ға арттыра отырып, облыста ұн өндіру көлемінің 16% - ға өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сандық технологиялардың арқасында бұл кешенді әлемнің кез келген нүктесінен қашықтан басқаруға болады. Диірмен кешенін құру Сіздің тапсырмаңыз бойынша Үкімет қабылдаған бағдарламалар аясында мемлекеттің қолдауынсыз мүмкін болмас еді", - деп атап өтті телекөпір барысында "Бест Қостанай" ЖШС директоры Видади Юсубов.
 
Кәсіпорынға "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау көрсетілді - субсидиялауға 1845 млн.теңге сомасына кредит мақұлданды, 156,9 млн. теңге субсидия төленді. Сонымен қатар, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының 170 млн.теңге көлеміндегі кепілдігі мақұлданды.
 
Бұл жоба түрік инвестицияларының қатысуымен жүзеге асырылды. Жобалық қуатқа шыққан кезде диірмен кешені 155 мың тонна жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұн өндіруге мүмкіндік береді, бұл өңірдің өңдеу өнімі экспортының көлемін ұлғайтады және нарыққа заманауи стандарттар мен сапаға жауап беретін тауар ұсынады.