Жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау

Жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау

Қостанай қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы (бұдан әрі – Қостанай қаласы бойынша МКБ) келесіні хабарлайды.

1. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кіретін тұлғалар үшін.

«Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 121-VI Заңына сәйкес 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін 4 кезеңде жалпыға бірдей декларациялау енгізіледі.

1-кезең – 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап

- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар және олардың жұбайлары (зайыптары);

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар және олардың жұбайлары (зайыптары);

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары (зайыптары);

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларацияны табыс ету міндеті жүктелген тұлғалар.

2-кезең – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап

- мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары (зайыптары);

- квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері және олардың жұбайлары (зайыптары).

3-кезең – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап

- заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары (зайыптары);

- жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары (зайыптары).

4-кезең – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап

- қалған санаттағы азаматтар.

Бұл ретте, аталған тұлғалар жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде декларация табыс етілетін жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны (250.00 СЕН) табыс етеді (Салық кодексінің 630-бабының 2-тармағы).

Жеке тұлғалар 250.00 СЕН тапсырғаннан кейін жыл сайын 250.00 (Салық кодексінің 633-бабы) декларацияны тапсырғаннан кейінгі жылдан бастап есепті салық кезеңінің 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00 СЕН) табыс етіледі.

 Демек, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген және 250.00 декларациясын ұсынған жеке тұлғалар жыл сайын, келесі жылдан бастап күнтізбелік жыл үшін 270.00 нысандағы Кірістер мен мүлік туралы декларацияны табыс етуге міндетті.

 2. Мемлекеттік немесе сайланбалы лауазымға кандидаттар және олардың жұбайлары (зайыптары) болып табылатын тұлғалар үшін.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 7-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметке кіретін тұлғалар мен олардың жұбайлары (зайыптары) мемлекеттік кірістер органдарына активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 СЕН) ұсынады. 

Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚРЗ 11-бабының 2-тармағына сәйкес Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 СЕН) ұсынады:

1) Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің және мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттар мен олардың жұбайлары (зайыптары) - кандидат ретінде тіркелгенге дейін;

2) мемлекеттік лауазымға немесе мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын тұлғалар және олардың жұбайлары (зайыптары) – лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды тұлғаның (органның) лауазымға тағайындау туралы актісі шығарылғанға дейін (декларация табыс етілген айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша).

Бұл ретте, Кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00 СЕН) жыл сайын есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, активтер мен міндеттемелер туралы декларация табыс етілген жылдан кейінгі жылдан бастап (Салық кодексінің 633-бабы) табыс етіледі.

Баяндалғанның негізінде мемлекеттік немесе сайланбалы лауазымға кандидаттар және олардың жұбайлары (зайыптары) Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 СЕН) ұсынады. Келесі жылдан бастап, осы декларацияны тапсырғаннан кейін, олар кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 СЕН) ұсынады.

Сонымен қатар, апта сайын сәрсенбі күндері сағат 11:00-ден 11:30-ға дейін Zoom режимінде «сұрақ-жауап» форматында Қостанай қаласы бойынша МКБ қызметкерлері мен Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны толтыру тәртібін түсіндіруге қатысты онлайн конференциялар (270.00-нысан) өткізетіндігін еске саламыз.

Қостанай қаласы бойынша МКБ конференциясының сәйкестендіргіші: 82441491316

Кіру коды: 123456

Қостанай облысы бойынша МКД конференциясының сәйкестендіргіші: 551 810 3707

Кіру коды: 123456

Сұрақтар туындаған жағдайда Қостанай облысы бойынша МКД 53-58-71, Қостанай қаласы бойынша МКД 28-17-01 телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады.