Жылу беру маусымының қорытындылары

Жылу беру маусымының қорытындылары

Бүгін Қостанай облысы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетовтің төрағалығымен қалалар мен аудандар әкімдерінің қатысуымен ағымдағы жылдың жылу беру маусымының қорытындылары, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған жылу беру маусымына дайындық жоспары туралы селекторлық кеңес өтті.

Жылу беру маусымын қорытындылай келе облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету кәсіпорындары мен әлеуметтік сала объектілерінің тұрақты жұмысын атап өтті.

«Ағымдағы жылдың жылу беру маусымының қорытындысы бойынша барлық тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін кәсіпорындар (электр, жылу, газ және сумен), сондай-ақ әлеуметтік сала обьектілері тұрақты, әрі тоқтаусыз жұмыс істеді. Мұндай жақсы нәтижеге тіршілікті қамтамасыз ету обьектілерін, сондай - ақ әлеуметтік саланы жылу беру маусымына дайындау бойынша ауқымды жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қол жеткіздік, - деді әкімнің бірінші орынбасары.

Кеңесте тұрғындардың коммуналдық қызметке берешегі бар екені айтылды.

«Коммуналдық қызметке төленетін төлемдерді уақтылы жинау коммуналдық мекемелер үшін үлкен маңызға ие, өйткені дәл осы қаражат кәсіпорындар қызметінің негізгі көзі екенін және электр қуатын жеткізушілермен дер кезінде есептесуге, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізудің негізгі көзі болатынын атап өткім келеді», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сондай-ақ осы мәселе бойынша Арқалық қаласы мен Науырзым ауданының әкімі және «Костанайская ТЭК» МКК директоры есеп берді.

Өз кезегінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қалалар мен аудандардың әкімдеріне, сондай-ақ коммуналдық қызмет басшыларына жылу беру маусымын сапалы және қауіпсіз өткізгені үшін алғысын білдірді.

Облыс әкімі кеңесті қорытындылай келе алдағы жылу беру маусымына қатысты өзінің орынбасарларына, қалалар мен аудандардың әкімдеріне, облыстық басқармалардың, сондай-ақ коммуналдық мекемелердің басшыларына тиісті тапсырмалар берді.