Ішкі аудит қызметі туралы

Әкімнің

2016 жылғы 18 қаңтардағы

№ 33-ө өкімімен бекітілген

 

Ішкі аудит қызметі туралы

ереже

  

  1. Жалпы ережелер

 

  1. Ішкі аудит қызметі (бұдан әрі – ІАҚ) облыс әкімінің өкімімен құрылады.
  2. ІАҚ өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына, қолданыстағы заңнама талаптарына және «Қостанай облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Аппарат) ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.
  3. ІАҚ құрылымы мен штаттық саны облыс әкімінің өкімімен бекітіледі.
  4. ІАҚ қызметкерлерінің функционалдық міндеттері, құқықтары және жауапкершілігі осы Ереже негізінде әзірленетін тиісті лауазымдық нұсқаулықтармен айқындалады және облыс әкімінің келісімі бойынша Аппарат басшысының бұйрығымен бекітіледі.

 

 

  1. ІАҚ мәртебесі

 

  1. ІАҚ Аппараттың бөлімшесі болып табылады, басқа құрылымдық бөлімшелерден тәуелсіз, облыс әкіміне бағынады және есеп береді, Қостанай облысы әкімдігінің құрамына кіретін мемлекеттік мекемелердің, облыстың қалалары мен аудандары әкімдіктерінің (бұдан әрі - мемлекеттік органның) ішкі бақылау жүйесінің тұрақты мониторингін жүргізетін бір бөлігі ретінде қызмет етеді.
  2. ІАҚ ішкі мемлекеттік аудитті жүргізуде және ішкі аудит нәтижелері туралы есептер дайындауда тәуелсіз.
  3. ІАҚ Аппараттың басқа да құрылымдық бөлімшелерінің құзыретіне жататын жұмыстарға, сондай-ақ оның өкілеттіктеріне жатпайтын бағдарламалар мен жобаларды дайындауға немесе орындауға тартыла алмайды.
  4. ІАҚ қызметкерлеріне ІАҚ мәртебесіне, Аппарат туралы Ережеге және осы Ережеге сәйкес қолданылуы мүмкін емес құжаттардан басқа, Аппараттың ішкі құжаттарының ережелері таратылады.
  5. ІАҚ қызметін бағалауды ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.

 

  1. ІАҚ мақсаты, негізгі міндеттері,

функциялары, құқықтары мен міндеттемелері

 

  1. ІАҚ қызметінің негізгі мақсаты мемлекеттік органның басшысына мемлекеттік органның, аумақтарды дамыту бағдарламаларының стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде жәрдемдесу,   мемлекеттік органның басшысына мемлекеттік органды тиімді басқаруды,  бюджет қаражатын, мемлекеттің активтерін және тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген квазимемлекеттік сектордың субъектілерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуге арналған тәуелсіз және объективті ақпарат ұсыну болып табылады.
  2. ІАҚ міндеттері:

1) мемлекеттік органның стратегиялық құжаттарының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізілуін талдау;

2) қаржылық және басқарушылық ақпараттың сенімділігі мен дұрыстығын, мемлекеттік органдар қызметін ішкі ұйымдастыру үдерістерінің тиімділігін, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын, мемлекет активтерінің сақталуын талдау, бағалау және тексеру.

  1. ІАҚ функциялары:

1) қаржылық есептіліктің аудитін жүргізуге қатысады;

2) мемлекеттік органда,  ведомстволық бағынысты ұйымдарда олардың қызметінің барлық бағыттары, соның ішінде көрсетілетін қызметтер сапасы бойынша тиімділік аудитін жүргізеді;

3) мемлекеттік органда және ведомстволық бағынысты ұйымдарда сәйкестілік аудитін жүргізеді;

4) мемлекеттік сатып алуды жүргізу рәсімдерінің және шарттардың талаптарын орындаудың, соның ішінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, қызметтердің мерзімдері, көлемі, бағасы, саны мен сапасы бойынша сәйкестілік аудитін жүргізеді;

5) мемлекеттік органның ішкі үдерістерінің (бизнес үдерістерінің) тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде мемлекеттік органда және ведомстволық бағынысты ұйымдарда ішкі бақылау және басқару жүйесінің жұмыс істеуін бағалауды жүзеге асырады;

6) мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының және аумақтарды дамыту бағдарламаларының мақсаттары мен міндеттеріне бюджеттік шығыстармен өзара байланыста, оның ішінде дамуға арналған нысаналы трансферттердің іске асырылуын қоса алғанда, бюджеттік инвестициялар шеңберінде  қол жеткізілуін талдайды;

7) тиісті мемлекеттік органда тауарлық-материалдық қорлардың және өзге де активтердің сақталуын тексеруді жүзеге асырады;

8) мемлекеттік аудит объектілері лауазымдық тұлғаларының ішкі мемлекеттік аудит жүргізуге байланысты мәселелері бойынша тиісті ақпаратын тыңдайды;

9) мемлекеттік органның басшысына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттерді пайдалану кезінде бұзушылықтардың жолын кесу, оларды болдырмау бойынша, анықталған кемшіліктерді жою, мемлекеттік орган қызметін ұйымдастырудың ішкі үдерістерінің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарымен ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері туралы есеп береді;

10) облыс әкімі үшін жылдық жұмыс жоспарларының орындалуының мониторингін жүзеге асырады.

  1. ІАҚ құқықтары:
  • құпиялық, қызметтік, коммерциялық режимін немесе заңмен сақталатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, тиісті жылға мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыруға байланысты мәселелер бойынша ведомстволық ақпараттар жүйелері деректерінің құрамы мен нысандары туралы мәліметтерді, құжаттаманы, ақпаратты, материалдарды (дәлелдемелерді), анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді сұрату;
  • Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасын жетілдіру және Қазақстан Республикасының қаржылық жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу және оларды тиісті уәкілетті органдарға қарауға ұсыну;
  • мемлекеттік аудитті жүргізу шеңберінде құпиялық, қызметтік, коммерциялық режимін немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит объектісінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіру мүмкіндігін алу;
  • мемлекеттік аудиттің міндеттері мен мәніне сәйкес ішкі аудит нәтижелері туралы есеп дайындау үшін белгіленген мерзімдерде құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті құжаттаманы, ақпаратты, соның ішінде электронды тасығыштарда, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге қолжетімділікті, соның ішінде құпиялық, қызметтік, коммерциялық режимін немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын жазбаша және ауызша түсініктемелерді және өзге де ақпаратты сұрату және алу;
  • мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері бойынша қабылданған актілерді және құжаттарды сұрату;
  • өз құзыреті шегінде мемлекеттік аудит объектілерінің басшыларынан және басқа да лауазымдық тұлғаларынан тиісті жылға мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру және мемлекеттік аудитті жүргізген кезде анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша жазбаша түсініктемелерді, сондай-ақ белгіленген тәртіппен куәландырылған құжаттар көшірмелерін ұсынуды талап ету;
  • тиісті мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымдарында ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыру жөніндегі жұмыста консультациялық қызметтер көрсету;
  • Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарға ие.
  1. ІАҚ міндеттемелері:

1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына қатаң сәйкестікте мемлекеттік аудитті жүргізеді;

2) ІАҚ-тың жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын, ІАҚ оқыту бойынша жоспарларын әзірлейді, оларды облыс әкіміне бекітуге ұсынады және орындалуын қамтамасыз етеді;

3) тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде облыс әкімі бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастырады;

4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды қамтитын мәліметтерді және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің бекітілген тізбесін  және оған өзгерістерді оларды бекіткен күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырады;

5) тексерістердің қайталануын болдырмау мақсатында тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін  және оған өзгерістерін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен келіседі;

6) жүйелік негізде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, соның ішінде ІАҚ деректерінің, ұсынымдар мен  міндетті түрде орындауға жіберілген ұйғарымдарының орындалу мониторингін жүзеге асырады;

7) мемлекеттік аудит объектілері лауазымдық тұлғаларының мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде сұратылған құжаттар мен материалдарды ұсынбау немесе уақтылы ұсынбау фактілері бойынша актілер жасайды;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік аудит объектілерінің құқықтарын және заңды мүдделерін сақтайды;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде  мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарын бірыңғай деректер базасына орналастырады;

10) мемлекеттік аудит объектісі лауазымдық тұлғаларының іс-әрекеттерінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғауға және (немесе) қарауға уәкілетті органдарға тиісті аудиторлық дәлелдерімен қоса материалдар береді;

11) мемлекеттік аудит объектісінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі жасамайды;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес  бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу бойынша берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемінде орындайды;

13) қызметтік және кәсіби әдеп талаптарын сақтайды;

14) мемлекеттік аудит объектісінің басшысына (лауазымдық тұлғаларына) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде қатысуға кедергі жасамайды,  мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәніне қатысты мәселелер бойынша түсініктемелер береді;

 

15) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді, соның ішінде мемлекеттік құпияларға, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді жария етпейді;

16) облыс әкіміне мүдделер қақтығысына ықпал ететін жағдайлар туралы хабарлайды;

17) мемлекеттік аудит нәтижелерін тек мемлекеттік аудит барысында алынған және жинақталған ақпаратқа және нақты деректерге сүйеніп негіздейді;

18) облыс әкімі басшылық ететін Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңеспен өзара іс-қимыл жасайды, оның ұсыныстарының іске асырылуын қамтамасыз етеді;

19) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де міндеттер.

  1. ІАҚ оған жүктелген функциялар мен міндеттердің уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.
  2. Мемлекеттік аудитті жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың негізгі қағидаттары мен стандарттарын бұзғаны үшін ІАҚ қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік алады.

 

 

  1. ІАҚ қызметін ұйымдастыру

 

  1. ІАҚ-ға басшылықты облыс әкімінің келісімі бойынша бұйрықтың негізінде Аппарат басшысы лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын ІАҚ басшысы жүзеге асырады.
  2. ІАҚ басшысы ІАҚ-ға жүктелген міндеттердің орындалуын және функцияларының, соның ішінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың, жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді, ІАҚ қызметкерлерінің құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін айқындайды, Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңес құрамына қатысады.
  3. ІАҚ басшысы облыс әкіміне Аппарат басшысының келісімі бойынша ІАҚ құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді.
  4. ІАҚ құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ІАҚ атынан басқа да ұйымдарға жіберілетін құжаттар мен сұратуларға ІАҚ басшысы, ал ол болмаған жағдайда – оны ауыстыратын тұлға қол қояды.
  5. ІАҚ қызметкерлерінің мемлекеттік қызметті өткеру жағдайлары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасымен, осы Ережемен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
  6. ІАҚ қызметі оларға жүктелген міндеттер мен өкілеттіктерді іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі бекітетін ІАҚ-тың жылдық, тоқсандық жұмыс жоспарларына және тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.

 

 

  1. ІАҚ есептілігі

 

  1. ІАҚ ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға жүргізілген мемлекеттік аудит және қолданылған шаралар туралы есептер мен ақпарат жібереді.
  2. ІАҚ жыл сайын облыс әкіміне, сондай-ақ ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға ішкі мемлекеттік аудит қорытындылары туралы жылдық есеп береді.

 

___________________________________

 

Дата публикации
04 июня 2020