КОММУНАЛДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНАН ТҰРҒЫН ҮЙДІ ҚАЛАЙ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУГЕ БОЛАДЫ
2024 жылғы 22 қарашада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.
Тұрғын үйді жекешелендіру бөлігіндегі заң нормалары 2024 жылғы 4 желтоқсаннан бастап күшіне енді, енді азаматтар жекешелендіру үшін әкімдіктерге жүгіне алады.
Бұл ретте, «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 13-бабы 8-тармағына сәйкес, азаматтардың белгілі бір санаттары тегін жекешелендіруге құқылы:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
2) бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
3) Чернобыль атом электр станциясындағы зардаптарды жоюға қатысушылар;
4) Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендер;
5) Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккендер;
6) бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде, оның ішінде Ауғанстанда қызмет өткеру кезінде мүгедектігі бар адамдар деп танылған әскери қызметшілер;
7) 20 жыл еңбек сіңірген әскери қызметшілер, мемлекеттік күзет қызметінің, ішкі істер органдарының қызметкерлері, мүгедектігі бар бала болған кезде -10 жыл;
8) қызмет өткеру кезінде қаза тапқан әскери қызметшінің, МКҚ, ішкі істер органы қызметкерінің отбасы мүшелері;
9) саяси қуғын-сүргін құрбандары;
10) ғарышкерлерге үміткерлер, ғарышкерлер.
Қалған азаматтар мұндай тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша, яғни тұрғын үйдің баланстық құнынан тұрғын үйдің физикалық тозуын шегергендегі құны бойынша сатып ала алады.
Анықтама: тұрғын үйдің баланстық құны-бұл әкімдіктің бухгалтерлік есебінде тіркелген осы тұрғын үйді салуға немесе сатып алуға жұмсалған ақшалай сомасы.
Физикалық тозу жыл сайын тұрғын үйдің баланстық құнының 2 % құрайды.
Бүгінгі күні Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Жекешелендіру қағидаларына (Үкіметтің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысы) бастапқы жарнаны 10 % - ға дейін төмендету және қалдық құны 2025 жылғы 3 ақпанда күшіне енген 15 млн. теңгеден асатын пәтерлер үшін бөліп төлеу мерзімін 15 жылға дейін ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізді.
Жекешелендіру – бұл міндет емес, құқық, тұрғын үйді сатып алуға адамдарды ешкім мәжбүрлемейтінін ескертеміз.
Жекешелендіру тәртібімен тұрғын үйді меншікке сатып алу үшін өтініш беруші ХҚКО ға не Е-gov арқылы тұрғын үй комиссиясының қарауына мынадай құжаттарды ұсынады:
- жалға алушының отбасының барлық кәмелетке толған мүшелері қол қойған, иеленіп отырған тұрғын үйді жекешелендіруге өтініш;
- жалдау шарты;
- меншікке өтеусіз алуға құқығы бар азаматтар санатына жататынын растайтын құжат.
Тұрғын үй комиссиялары күнтізбелік отыз күн ішінде тұрғын үйді жекешелендіру туралы шешім қабылдайды не дәлелді бас тартуды жазбаша түрде шығарады.
Сонымен қатар, заңда, егер осы құқық осы Заң күшіне енгенге дейін іске асырылған жағдайда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді қайта жекешелендіру мүмкіндігі берілген.
Анықтама:
Қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 13-бабы 9-тармағына сәйкес азаматтар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір ғана тұрғын үйді жекешелендіруге құқылы.
Алайда қолданыстағы заңнамада мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді қайта алуға тыйым жоқ.
Бұл ретте азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары бір рет ұсынылатынын ескертеміз.
____________________