Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тек қаңтар айында, яғни 01.01.2021-01.02.2021 аралығындағы кезеңде өз салымшыларына 4,2 миллион қызмет көрсетті. Бұл өткен 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе көп. Айта кету керек, өсім электрондық қызметтер бойынша да, БЖЗҚ филиалдарында тікелей көрсетілген қызметтер бойынша да болды.
Виртуалды кеңістікте Қордың қызметтерін 3,9 миллион салымшы алды, бұл көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінің 92% құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда онлайн қызметтердің танымалдылығы үш есе ұлғайды. Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ сайтында да, мобильді қосымшасында да бар жеке кабинеттің көмегімен салымшылар үйден шықпай-ақ, жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме, ЖЗШ-ның бар-жоғы туралы анықтама ала алады. Зейнетақы жинақтарының сомасын ішінара пайдалану және (немесе) ИПБ-ға аудару үшін тексеріп, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш бере алады.
Салымшылардың бір бөлігі бұрынғысынша Қазақстан бойынша орналасқан Қор филиалдарына өтініш білдіруде. БЖЗҚ бөлімшелерінде салымшылар 312 мың қызмет алды, бұл өткен 2020 жылмен салыстырғанда 35,9 мың қызметке көп.