Telegram мобильді қосымшасында нақты уақыт режимінде Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына шағымданудың жаңа тетігі енгізілді. Egovkzbot2.0 бот-платформасы арқылы шағым беру немесе бюрократияны төмендету, бизнес-процестерді оңайлату жөнінде ұсыныс енгізу мүмкін болды.
Бұл функцияның бастамашысы және әзірлеушісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі болды.
"Функцияны қолдану оңай, арнайы дағдыларды қажет етпейді және ыңғайлы интерфейске ие. Енді мемлекеттік қызметтерді алу кезінде проблемалық мәселелер туындаған жағдайда азаматтарға көрсетілетін қызметті беруші мекеменің деректерін EgovKzBot2.0 Telegram-ботына енгізу және өз пікірлерін, ұсыныстарын немесе шағымдарын жіберу жеткілікті. Артық құжаттарды талап етуге, негізсіз бас тартуға немесе уақтылы қызмет көрсетпеуге және т. б. шағымдануға болады",-деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Агенттік мәлімдегендей, келіп түскен барлық шағымдар мен ұсыныстар қаралады және кері байланыс беріледі, мәселелер қысқа мерзімде шешіледі.