Дауларды медиация жолымен реттеу

Медиация дегеніміз не?

«Медиация» термині латынның  «mediare», делдалдық ету деген сөзінен шыққан. 

Медиация — үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі. Аталған  үшінші тарап ретінде медиаторды танимыз, ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, сонымен бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады.  

Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады. Азаматтар, сондай-ақ  заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады.  Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 30-40 % медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 %-нда оң нәтижелерге қол жеткізілген.Қазақстанда «Медиация туралы» Заң  2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Бұл заң ҚР медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды.

Медиацияны жүргізу қағидаттары:

  • еріктілік;
  • құпиялық;
  • өзара сыйласушылық;
  • тараптардың тең құқылығы;
  • медиатордың бейтараптығы мен әділдігі;
  • рәсімнің ашықтығы.

Медиацияның істің сотта қаралуынан ерекшелігі неде?

Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді.

Медиацияның тағы бір оңтайлы жағы - қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төмендігінде және уақыттың үнемділігінде. Сотта іс әдетте ұзаққа созылады, ол тіпті айларға созылуы мүмкін.  Бірнеше мәрте сот отырыстары белгіленеді, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі де мүмкін, сөйтіп жағдай ушыға түседі.  Бұл ретте медиацияның келесі ерекшеліктері алдыңғы қатарға шығады – тараптардың еріктілігі  және жеделдетілген шараның бейресмилігі. Дауды шешуге медиаторға небәрі 30 күн уақыт беріледі. Белгілі бір себептермен бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін, бірақ 60 күннен аспауы тиіс.

Сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етеді, ал медиация барысында өзара ынтымақтаса қимылдайды.

Сот тағайындалады, ал медиатор таңдалады.   

Сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал медиатор тараптардың мүдделерін ескере отырып, бірақ заң аясында қабылдайды.

Сот – жария үдеріс, ал медиация құпиялылықты қамтамасыз етеді, бұл медиатордың рәсім барысында мәлім болған ақпаратты оны ұсынған тараптың келісімінсіз жария қылуына жол бермейді.  Сәйкесінше, медиатордан куәгер ретінде жауап алуға рұқсат етілмейді.

Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді.  Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиация барысында тараптардың тең құқылықты көздейтіні сөзсіз,  сондай-ақ оларға тең міндеттер жүктеледі.  

Сонымен қатар тараптар өз қалаулары бойынша медиацияны жүргізу орны мен медиацияны жүргізу барысында қай тілдің қолданылатыны жайында келісе алады. Тараптардың келісімімен медиатор медиацияның жүргізілу күні мен уақытын белгілейді.

Медиация аясында не қарастырылады?

  1. Корпорацияаралық және корпорацияішілік даулар.
  2. Банк және сақтандыру саласындағы даулар.
  3. Жүзеге асырылуы көптеген тараптардың мүдделерін қамтитын жобаларды сүйемелдеу.
  4. Жұмыстағы даулар.
  5. Отбасылық даулар.
  6. Авторлық құқыққа және зияткерлік меншікке қатысты даулар.
  7. Білім саласындағы медиация.
  8. Мәдениетаралық даулар және басқалары.

Делдал көмегімен дау шешуге алғашқы қадам

Делдал арқылы дау шешуге тілек білдірген тарап  Қазақстанның Халықаралық Арбитражы секретариатына делдал арқылы дау шешудің басталатыны жайлы төмендегілерді қамтитын жазбаша сұраным жіберуі керек:

  • даудың мәні;
  • аталған дау бойынша талаптар құны;
  • делдал арқылы дау шешу тараптарының және/немесе олардың уәкілетті өкілдерінің атауы, пошталық мекенжайы, телефон нөмірлері, факстері;
  • делдал арқылы дау шешуді жүргізу бойынша ҚХА құзіретіне нұсқау;
  • ұсынылатын медиатордың кандидатурасы.

Егер делдал арқылы дау шешу туралы келісімнің тараптары сұранымды бірлесе бермесе, сұраным жіберген тарапқа  келесі тарапты делдал арқылы дау шешу жөнінде хабардар етіп, оған делдал арқылы дау шешу сұранымының  көшірмесін жіберу міндеті жүктеледі.  

Делдал арқылы дау шешу жөніндегі сұранымды ҚХА тіркеу алымы төленгеннен кейін  қабылдайды.

Делдал арқылы дау шешудің басталу күні болып ҚХА секретариаты ол жайында сұраным алған күн есептеледі.

Кәсіби медиаторлар тізілімі

Әрбір медиаторлар ұйымы Қазақстан Республикасының аумағында медиацияны жүзеге асыратын кәсіпқой медиаторлардың тізілімін жүргізеді.

Бірнеше медиация орталықтары бар, олардың тізімін төменде көре аласыз.

1. Қазақстандық Медиация Орталығы

Қазақстандық медиация орталығы (ҚМО) шын мәнінде тәуелсіз медиаторларды оқыту және олардың қызметтерін ұсыну арқылы Қазақстанда дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамыту үшін қозғаушы күш болатын институция құру мақсатында құрылған.

2. Татулас кәсіби медиаторлар мекемесі

3. "БАҚ Қызметкерлерінің Қауымдастығы" ЖҚБ жанындағы Тараз қаласы бойынша "Бітімгер" медиация және құқық орталығы

4. "Халықаралық құқық қорғау орталығы" ҚБ медиация орталығы

"Халықаралық құқық қорғау орталығы" ҚБ (ХҚҚО) 1997 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасы бойынша құрылды және өз қызметін Қазақстанда 15 жыл бойы табысты жүзеге асырып келе жатыр. Құқық қорғау орталығы заң қызметтерін көрсетеді және біздің Республика халқына оның құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру үшін тегін заң кеңестерін береді. 

 5. "Консенсус" Медиация Орталығы

"Консенсус" Медиация орталығы - бұл 2011 жылдың 11 наурызында Түркістан облысының Әділет департаментінде ресми тіркелген үкіметтік емес, коммерциялық емес ұйым. Орталық 

  • тәуелсіз медиация бойынша қызметтер (азаматтық, отбасылық, еңбек және т. б. даулар бойынша);
  • медиатор-мамандарды оқыту, даярлау;
  • кеңес беруді (психолог, заңгер) ұсынады.

6. "Медиаторлар Одағы" қоғамдық бірлестігі

"Медиаторлар Одағы" қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі – бірлестік) коммерциялық емес ұйым болып табылады және өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қоғамдық бірлестіктер туралы", "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне, сондай-ақ Жарғыға сәйкес жүзеге асырады.

Бірлестік 2011 жылғы 11 наурызда Астана қаласы бойынша Әділет департаментінде тіркелген.

Бірлестіктің мақсаты жұмыстардың озық тәжірибесін енгізу, медиаторлар қызметінің кәсіби және этикалық стандарттарын қолдау арқылы ұйымдардың қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу және зерттеулер жүргізу болып табылады.

Бірлестік келесі бағыттарда қызмет көрсетеді:

  • Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде оқыту.
  • "Медиация туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен медиация рәсімін жүргізу.
  • Бірлестіктің кәсіби медиаторлары тізілімін жүргізу.
  • Медиаторлардың кәсіби біліктілігін арттыру және Қазақстан Республикасының медиация саласындағы заңнамасын насихаттау мақсатында семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар өткізу.

 

Дата публикации
29 августа 2025