Егін жинау кезіндегі өрт қауіпсіздігі қағидалары

Өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес егін егу және ору науқаны басталар алдында барлық қатысушы тұлғалар өртке қарсы нұсқамадан өтеді. Жинау агрегаттары мен автокөліктердің әрқайсысы көлемі кемінде 5 литр болатын екі өрт сөндіргішпен жабдықталады, ұшқын сөндіргіштері жарамды күйде болуы тиіс, сондай-ақ жанармай беру, оталу және майлау жүйелері ретке келтіріледі.

  Ауыл шаруашылығы алқаптарында және жайылымдарда шөп шабу жұмыстары жүргізілген кезде шөптесін өсімдіктердің жануын болдырмау мақсатында шөп шабумен айналысатын тұлғаларға өрт болған жағдайда жану аймағын жырту үшін соқа тіркелген тракторды қолдану, сондай-ақ өрт сөндіру құралдарын пайдалану ұсынылады. Бұл құралдарға кемінде 5 м³ көлеміндегі тіркемелі суға арналған ыдыс немесе арнайы бейімделген техника, өрт сөндіргіштер, күректер, өрт сөндіру хлопушкалары жатады.

  Ауыл шаруашылығы техникасының кабинасы мен жүк бөлігінде жанғыш заттарды сақтауға және тасымалдауға жол берілмейді. Техниканың мотор бөлігі, тораптары мен агрегаттарының бөліктері таза күйде ұсталуы тиіс, жанармайдың немесе майдың ағуы анықталған жағдайда, ол дереу жойылуы қажет.

  Егін, астық жинау және мал азығын дайындау науқаны кезінде мынадай әрекеттерге жол берілмейді:

  1) тракторлардың, өздігінен жүретін шассилердің және капоты жоқ немесе капоты ашық автокөліктердің жұмыс істеуіне;

  2) қозғалтқыш радиаторларындағы шаңды күйдіру үшін дәнекерлеу шамдарын қолдану;

  3) дала жағдайында түнгі уақытта автомашиналарға жанармай құю;

  4) жанып тұрған  сіріңке немесе ашық отпен бактағы немесе цистернадағы жанармайдың бар-жоғын тексеру;

  5) жарамды ұшқын сөндіргіштерсіз ауыл шаруашылығы техникасының жұмысы.

  Өрт қауіпті кезеңдегі  өрт қаупінің жоғары класы кезінде жердің барлық санаттарында құрғақ шөптесін өсімдіктер мен егін жинағаннан кейінгі қалдықтарды өртеуге жол берілмейді.

  Сонымен қатар тұрғындар тұрғын үй ауласында шөп сақтау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауы қажет.

 

Дата публикации
29 августа 2025