Мемлекеттік аппаратқа келісімшарттық қызметшілерді тарту

Мемлекет басшысы мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасында мемлекеттік бастамалар мен салалық жобаларды іске асыру кезеңінде арнайы білімі бар мамандарды тарту мақсатында келісімшарттық қызметшілер институтын енгізуді тапсырды.

          Заңнамада "келісімшарттық қызметші" ұғымы енгізілді - түрлері Үкімет айқындаған ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін ерекшеліктері бар келісімшарт бойынша мемлекеттік органға тартылған Қазақстан Республикасының азаматы.

          Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 маусымдағы қаулысымен келісімшарттық қызметшілерді, келісімшарттық қызметшілер тартылатын жобалардың түрлерін, еңбекақы төлеу шарттары мәселелерін және олардың қызметін реттеудің өзге де мәселелерін тарту қағидалары бекітілді.

          Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңның 64-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді.

          Келісімшарттық қызметші ретінде Қазақстан Республикасының кемінде 18 жастағы, дені сау, медициналық қорытындыға сәйкес лауазымдық өкілеттіктерін орындау үшін қажетті шамада, әрекетке қабілетті, жобаны іске асырудың тиісті саласы бойынша жұмыс тәжірибесі мен білімі бар азаматтары және т. б. тартылуы мүмкін.

         Қағидаларға сәйкес, кандидатурасын мемлекеттік органның бірінші басшысы келісімшарттық қызметші ретінде мақұлдаған адамды тарту келісімшарт жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару жолымен жүзеге асырылады.

          Келісімшарттық қызметшіні тарту қажеттілігі туралы шешім қабылданған жағдайда жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органның лауазымды адамы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша келісімшарттық қызметшінің біліктілік талаптарын бекітеді.

          Келісімшарттық қызметші ретінде тартылатын азаматтар "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңның 64-1-бабының 8-тармағында көрсетілген талаптарға және біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс.

          Бұл ретте келісімшарттық қызметшілер мемлекеттік лауазымды атқара алмайды.

         Мүдделер қақтығысын болдырмау үшін жобаны іске асыруға тартылған мемлекеттік қызметшілердің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болып табылатын азаматты келісімшарттық қызметші ретінде қабылдауға болмайды.

          Мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу, сондай-ақ оған жол бермеу жөніндегі шараларды қабылдау туралы міндеттемелер келісімшартта баяндалады.

          Келісімшарттық қызметшінің еңбегіне ақы төлеу шарттары, сондай-ақ тараптардың келісімі бойынша келісімшартта қызметшінің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, саны мен сапасына, сондай-ақ өзге де еңбек жағдайларына байланысты белгіленеді.

          Келісімшарт мерзімі қойылған міндеттерді орындау кезеңіне, бірақ ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру кезеңі ішінде ұзарту мүмкіндігімен бір күнтізбелік жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді.

          Келісімшарттық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік органды ұстауға не жобаны іске асыруға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен жүзеге асырылады.

          Келісімшарттық қызметшіге ұзақтығы 24 күнтізбелік күн жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі.

          Келісімшарттық қызметші мен мемлекеттік орган арасындағы даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.

Дата публикации
24 апреля 2025