Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлiметтердi енгiзе отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi қамтитын, жануарларды есепке алу рәсiмi.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiруді облыстың әрбір ауылдық округінде орналасқан ветеринариялық пункттердің ветеринариялық дәрігерлері жүзеге асырады.
«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалар: жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына жаңадан сатып алынған жануар (жануарлар), алынған төл, оның (олардың) сойылғаны мен өткізілгені туралы хабарлауға міндетті
жаңадан сатып алынған жануар (жануарлар), алынған төл, оның (олардың) сойылғаны және өткізілгені, алынған ұрпақ, оның (олардың) сойылуы және өткізілуі туралы хабарланбаған жағдайларда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде жеке тұлғаларға бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ескерту немесе айыппұл салу көзделген.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзу жеке тұлғаларға – отыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне-екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.