Ауыл шарашылығы жануарларын бірдейлендірудің электрондық тәсілі

 

Ауыл шарашылығы жануарларын бірдейлендірудің электрондық тәсілі - радиожиілікті белгісі бар сырғалар, чиптер және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін пайдаланылатын басқа да бұйымдарды (құралдарды) бекіту.

ҚР АШМ-нің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығымен бекітілген

«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына» сәйкес қазіргі таңда субсидия алу үшін негізгі өлшем шарттардың бірі мал басын бірдейлендірудің электрондық тәсілдері болып табылады.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермер қожалықтарында ҚР АШМ-нің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларына»  сәйкес мал басын ішкі шаруашылық есепке алуды жүргізу үшін электрондық сәйкестендіру тәсілдеріне (радиожиілікті белгісі бар сырғалар, болюстер, чиптер және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін пайдаланылатын басқа да бұйымдар (құралдар) рұқсат етіледі.

Заманауи талаптарға сай келетін ауыл шарашылығы малдарына электронды чип енгізу арқылы бірдейлендіру тез әрі тиімді әдістің бірі болып табылады. Шыны немесе керамикалық қабықпен қапталған, көлемі күріш дәнегіндей болатын электронды чип жануардың тері астына енгізіледі. Чип елдің, облыстың, жануар түрін және бірдейлендіру номерін білдіретін 15 белгілік кодтан тұрып,  арнайы сканер құрылғысы арқылы оқылады. Микрочипті тері астына енгізгеннен кейін немесе радиожиілікті сырғаларды бекіткеннен кейін ақпаратты әрі қарай оқу үшін сканер қолданылады. Ақпаратты оқу қашықтығы 12-45 см-ден, көбіне сканердің қуаттылығына және микрочиптің мөлшеріне байланысты. Сканерлер аудандық ветеринариялық станциялардың ветеринар дәрігерлерінде бар, егер де шаруа қожалықтарда мал басы саны көп болған жағдайда мал иесіне сканер сатып алған тиімді болады. Енгізілген чип жануар денесінде өмір бойына сақталады.

Ауыл шаруашылығы жануарларына электрондық тәсілде бірдейлендіруді жүргізу үшін бұйымдар (құралдар) мен атрибуттарды сатып алу ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 6 тарау 35-бабына сәйкес олардың иелері есебінен жүргізіледі. Шыққан елінде бірдейлендірілген импортталған ауыл шаруашылығы жануарлары бұрын берілген жеке нөмірін сақтап қалады.

Электронды чип арқылы бірдейлендірудің тиімділігі жануар ауырсынбайды, бірдейлендіру номері жоғалып немесе кетіп қалмайды оған қоса, жануарды жығуды және көп уақытты қажет етпейді.

Сонымен қатар қазіргі кезде белең алған мал ұрлығы және автокөлік жолдарындағы ауыл шаруашылық жануарларының салдарынан болып жатқан жол апаттары кезінде электронды чип арқылы малдың иесін анықтауға мүмкіндік береді.

 

 

Дата публикации
15 марта 2023