Тыңдау
- Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті, бұл туралы әкімшілік рәсімге қатысушы алдын ала, бірақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етіледі.
Тыңдау:
1) әкімшілік рәсімге қатысушыны әкімшілік іс бойынша тыңдауға шақыру, оның ішінде бейнеконференц-байланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы;
2) ақпараттық жүйелерді пайдалану;
3) әкімшілік рәсімге қатысушыға өзінің ұстанымын баяндауға мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
- Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері, егер:
1) әкімшілік орган, лауазымды адам басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғамайтын қолайлы әкiмшiлiк актіні қабылдайтын;
2) атқарушылық іс жүргізу жүзеге асырылатын;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін үш күндік мерзімнен аз уақыт белгіленген;
4) азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын, қоғамдық және (немесе) мемлекеттік мүдделерді қорғау мақсатында әкімшілік актіні дереу қабылдау талап етілетін;
5) әкімшілік рәсімге қатысушы бұл туралы өтінішхат берген;
6) оңайлатылған әкімшілік рәсім жүзеге асырылатын;
7) әкімшілік іс бойынша шешім автоматтандырылған процесті жүзеге асыру кезінде қабылданатын, бұл ретте әкімшілік органға, лауазымды адамға әкімшілік таңдау берілмеген жағдайларға қолданылмайды.
Осы бөліктің 4) тармақшасында белгіленген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік актіде тыңдау жүргізілмеген дәлелдерді көрсетуге міндетті.
- Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге қарсылықты алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде оны беруге немесе білдіруге құқылы.
- Әкімшілік рәсімге қатысушы өз қарсылығын ауызша білдірген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам тыңдау хаттамасын жүргізеді.
Тыңдау хаттамасы
- Тыңдау хаттамасы компьютерлік, электрондық, машинкамен жазу не қолжазба тәсілдерімен дайындалады.
- Тыңдау хаттамасында:
1) әкімшілік іс қаралатын орын мен күн, оның басталатын және аяқталатын уақыты;
2) әкімшілік органның атауы, лауазымды адамның, хатшының тектері және аты-жөні;
3) әкімшілік рәсімге қатысушы және (немесе) әкімшілік іске қатысатын өзге де адам туралы мәліметтер;
4) қаралатын мәселенің мазмұны;
5) қатысатын тұлғалардың түсініктемелерінің, сұрақтары мен жауаптарының, сөйлеген сөздерінің мазмұны көрсетіледі.
- Әкімшілік рәсімге қатысушы және (немесе) әкімшілік іске қатысатын өзге де адам әкімшілік істі қарау үшін өздері елеулі деп есептейтін нақты мән-жайлар туралы мәліметтерді тыңдау хаттамасына енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы.
- Тыңдау хаттамасын төрағалық етуші мен хатшы дайындауға және қол қоюға тиіс.
- Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушыға және әкімшілік іске қатысатын өзге де тұлғаға тыңдау хаттамасымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
- Әкiмшiлiк рәсiмге қатысушы және әкімшілік іске қатысатын өзге де адам танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тыңдау хаттамасына өз ескертулерін беруге құқылы.
Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша төрағалық етуші оларды қанағаттандыру не оларды толық немесе ішінара қабылдамау туралы шешім қабылдайды.
Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімдері
- Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі жолданым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды.
- Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі ол қозғалған кезден бастап есептеледі.
- Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімін әкімшілік орган басшысының немесе оның орынбасарының уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды белгілеу қажеттігіне орай екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, әкімшілік рәсімге қатысушы бұл туралы мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.