Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Смағұлов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес орталығының алаңында өткен онлайн-брифинг барысында мәлімдеді.
"Өздеріңіз білетіндей, Департамент сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидаларын іске асыруда. Осы жылы Департаментке 6 адам жүгінді, олар жалпы сомасы шамамен 2,5 млн.теңгеге грамоталар алды және ынталандырылды" - деді спикер іс-шара барысында.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидаларына түзетулер енгізілген болатын. ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша сыйақы сомасы сараланған болды. Енді пара немесе келтірілген залал сомасы 1000 АЕК-тен асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлағаны үшін сыйақы көрсетілген соманың 10 пайызын құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілінің айтуынша, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу бойынша ақпарат бергені үшін қаржылық ынталандыру мөлшерін ұлғайту халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі азаматтық ұстанымын жандандыруға бағытталған.