Адвокаттық қызмет-жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және оларды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында осы Заңда белгіленген тәртіппен адвокаттар кәсіби негізде көрсететін заң көмегі, Қазақстан Республикасының Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының Адвокаттық қызмет пен заң көмегін реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Қазақстан Республикасындағы Адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сот арқылы қорғауға және заң көмегін алуға мемлекет кепілдік берген және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтарын іске асыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуге арналған. Жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және осы Заңмен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы адвокат болып табылады. Сот әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп таныған не заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам адвокат бола алмайды. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа, Адвокаттың құқықтары шектелмеуге тиіс. Заңды адвокаттық қызметке араласу не кедергі жасау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Адвокат Шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға осындай көмек көрсету нәтижесінде зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шартын жасасуға міндетті. Адвокаттық құпияны адвокатқа жүгіну фактісі, көмек сұрап өтініш жасаған адаммен және басқа да адамдармен ауызша және жазбаша келіссөздердің мазмұны туралы, көмек сұрап өтініш жасаған адамның мүддесінде қолданылатын әрекеттердің сипаты мен нәтижелері туралы мәліметтер, сондай-ақ заң көмегін көрсетуге қатысты өзге де ақпарат құрайды.
Меңдіқара ауданаралық
Әділет басқармасы