Қазақстан Республикасының "өсімдіктер карантині туралы" Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес, 3 - бап-өсімдіктер карантинінің негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден немесе карантиндi аймақтан карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнен немесе өз бетiмен енуiнен қорғау;
2) карантиндi объектiлердi анықтау, оқшаулау және жою, сондай-ақ Қазақстан Республикасының олар жоқ аймақтарына олардың енуiнiң алдын алу;
3) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жүргізу.
"Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден және бөтен түрлерден қорғау жөніндегі Қағидалардың" 10-параграфында (бұдан әрі – Қағидалар) - "карантиндік объектілерді анықтау" деп оқылады:
Карантиндік объектілерді анықтау, олардың таралу ошақтарының шекараларын айқындау мақсатында жер және орман алқаптары, егістер, ауыл шаруашылығы, сәндік, дәрілік және басқа дақылдардың екпелері, ғимараттар, құрылыстар, контейнерлер, қоймалар, өзге объектілер карантинге жатқызылған өнімді өндірумен, өңдеумен, сақтаумен, тасымалдаумен және өткізумен байланысты ұйымдардың аумақтары және карантиндік объектілерді залалдандыру және тарату көздері болуы мүмкін өзге объектілер жүйелі түрде зерттеп-қаралуы тиіс.
Осы жұмыстарды орындауды өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың нұсқамалары бойынша жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің "Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесі қамтамасыз етеді.
Уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары көрсетілген объектілерге бақылау зерттеп-қарауды жүргізеді. Бақылау зерттеп-қарау нәтижелері осы Қағидаларға 22-қосымшаға сәйкес өсімдіктер карантині жөніндегі бақылау және қадағалау жүргізу туралы актімен рәсімделеді.
Заңның 9-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың карантиндік объектілерді, бөтен түрлерді әкелудің және (немесе) таратудың алдын алу жөніндегі міндеттері мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының талаптарын және өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың өсімдіктер карантині жөніндегі тиісті іс-шараларды жүргізу туралы нұсқамаларын сақтауға және орындауға;
2) Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың талап етуi бойынша карантинге жатқызылған өнiм мен карантиндi объектiлердiң бар екендiгi туралы мәлiметтердi табыс етуге;
3) егiстiктi, аумақты, карантинге жатқызылған өнiм сақталатын қоймаларды жүйелi тексерiп отыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ карантинге жатқызылған қолда бар өнiмдi тексеру және сараптамадан өткiзу үшiн ұсынуға;
4) карантиндi объектiлер анықталған жағдайда уәкілетті органды дереу хабардар етуге;
5) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу кезінде кедергілер жасамауға;
6) карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің таралу ошақтарын оқшаулауды және жоюды жүргізу кезінде жәрдем көрсетуге;
7) карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесіне енгізілген, оларға қатысты өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің таралу ошақтарын оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды өз қаражаты есебінен жүргізуге;
8) енгізілген уақытша карантиндік фитосанитариялық шаралардың талаптарын сақтауға міндетті.
АШТӨ-нің өз егістіктеріне, аумағына жүйелі түрде тексеру жүргізу қажеттілігі және өсімдіктер карантині бойынша қажетті іс-шараларды жүргізу туралы нұсқамалардың сақталуы туралы көрнекі мысал карантиндік объектімен күресте табысқа жеткен шаруашылықтар болуы мүмкін. Соңғы үш жылда (2022 жылдан бастап) Ұзынкөл ауданында 2 шаруашылықтың ошақтары толығымен жойылды: "Оңғарсын" ШҚ (0,1 га горчак) және "Абай-Агро 2017" ЖШС (0,08 га горчак), ошақтармен күресте "Кинебаев Сергей Жолмағамбетұлы" ШҚ-да жақсы табыстарға қол жеткізілді-ошақтар анықталған жоқ аумағы 3,3338 га. Қағидаларға сәйкес 2-тарау 78-параграф-карантиндік аймақты алу жүйелі тексеру нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. Егер карантиндік аймақ белгіленген сәттен бастап 3 (үш) жыл ішінде карантиндік объектілер анықталмаған жағдайда, онда осы аумақтан Заңның 9-1-бабының 3) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган ведомствосының ұсынуы бойынша карантиндік аймақ алынады.
Өз алқаптарына жүйелі түрде тексерулер жүргізбеу және өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың карантиндік объектінің таралуына әкеп соққан қажетті іс-шараларды жүргізу туралы нұсқамасын орындамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Өсімдіктер карантині саласында туындайтын мәселелер бойынша"Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ұзынкөл аудандық аумақтық инспекциясы" ММ-не жүгіне аласыз
Мекен-жайы: Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, Ұзынкөл ауылы, Ғ. Мүсірепов көшесі 25
Телефон: 8(71444)2-14-78