ҚР Су кодексінің 116 б. сәйкес су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылықта пайдалану режимін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бассейндік инспекциялармен, халықтың санитариялық – эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органмен, ал сел қаупі бар аудандарда – азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген, бекітілген жобалау құжаттамасы негізінде белгілейді
Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидаларына сәйкес (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 19-1/446 бұйрығы) нақты объектілер бойынша тапсырыс беруші ретінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қажеттілігіне мүдделі жеке және заңды тұлғалар болады. Су қорғау аймақтары мен су объектілері белдеулерін жобалауды мамандандырылған жобалау ұйымдары жүзеге асырады.
ҚР Су кодексінің 39 б. сәйкес ауыз сумен жабдықтау көздерін санитарлық қорғау аймақтарын су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциялармен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісім бойынша облыстардың жергілікті атқарушы органдары белгілейді.
Орман қорының учаскелері ұзақ мерзімді орман пайдалануға тендерлер өткізу нәтижелері бойынша беріледі. Тендер жеңімпазымен сауықтыру, рекреациялық және спорттық мақсаттар үшін 49 жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді орман пайдалану шарты жасалады.
Демалыс үшін орман қоры учаскелеріне баруға Қазақстан Республикасының Орман заңнамасында тыйым салынбаған, алайда орманда болған кезде азаматтардан ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптарын қатаң сақтау талап етіледі. Мысалы, жанып жатқан сіріңкелерді, темекі тұқылдарын тастауға, алау жағуға, мангалдарды осы үшін арнайы жабдықталған орындардан тыс орнатуға, орманды тұрмыстық қалдықтармен және қоқыстармен ластауға тыйым салынады, сондай-ақ ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптарын бұзу болып табылады. Осы талаптарды сақтамағаны үшін құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Сондай-ақ, Қостанай облысының әкімдігімен «Орманда өрт қаупі жоғары кезеңдерде жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында болуына тыйым салу туралы» қаулы қабылданды. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 27 қазанда № 9512 тіркелді. Көрсетілген қаулыға сәйкес өрт қаупі бар маусымда өрт қауіптілігінің жоғары сыныбы (IV және V сыныптар) белгіленген жағдайда мемлекеттік орман иеленушілер мемлекеттік орман қоры аумағында өрттердің алдын алу, оларды болғызбау және оларға жол бермеу жөніндегі шараларды, оның ішінде жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында болуына тыйым салу жөніндегі шараларды күшейтеді.