Кездесу барысында жер қойнауын пайдалану, геология, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және өнеркәсіп салаларын цифрлық тұрғыда трансформациялау бағытында қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Кездесуді аша отырып, вице-министр Мемлекет басшысының Қазақстанды цифрлық елге айналдыру міндетін алға қойғанын атап өтті. Жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында министрлік жетекшілік ететін салаларға заманауи технологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл жұмысты іске асырудағы басты мақсат – мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау, процестердің ашықтығын қамтамасыз ету және өндіріс тиімділігін арттыру.
Құрылыс және қала құрылысы салаларында аумақтарды жоспарлау мен жобалаудан бастап, нысандарды салу және пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын бірыңғай цифрлық үдерісті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта мемлекеттік қала құрылысы кадастры, BIM-жобалау технологиялары және жобалау құжаттамасын автоматтандырылған тексеру құралдары дамытылуда. Алдын ала бағалаулар бойынша, мұндай шешімдерді қолдану бір жобаны тексеру уақытын 16 сағаттан 9 сағатқа дейін қысқартуға, күнделікті қайталанатын жұмыс көлемін азайтуға және қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық жобаларды іске асыру және заманауи технологияларды енгізу өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі дамытуға, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ халыққа көрсетілетін мемлекеттік және коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға қосымша жағдай жасауға бағытталған.
Қостанай облысы әкімдігінің «Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ 2026 жылғы 2 қыркүйекте басталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысты.
Марафон кітап оқу мәдениетін дамытуға және білімді, зияткерлік тұрғыдан дамыған ұлт қалыптастыруға бағытталған Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру аясында ұйымдастырылуда.
Марафон шеңберінде мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің кәсіби, интеллектуалдық және тұлғалық әлеуетін арттыруға бағытталған «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» арнайы бағыты жүзеге асырылуда.
Басқарма ұжымы аталған бастаманы қолдап, кітап оқу мәдениетін дамытуға, өзін-өзі жетілдіруге және кәсіби білімді үздіксіз арттыруға бағытталған марафонға белсенді түрде қосылды.
Кітап оқитын ұлт — білімді әрі жарқын болашақтың кепілі!
Қостанай облысы әкімдігінің «Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қатысты.
Акция барысында Басқарма қызметкерлері Гагарин бөгетінің аумағын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізіп, аумақты абаттандыруға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.
«Мөлдір бұлақ» акциясы экологиялық мәдениетті арттыруға, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтарды аумақтарды абаттандыру және тазалықты сақтау іс-шараларына белсенді қатысуға бағытталған.
Басқарма қызметкерлерінің осындай экологиялық бастамаларға қатысуы өңірде жайлы әрі экологиялық қолайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған ортақ іске қосылған үлес болып табылады.
Қостанай облысы әкімдігінің «Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру семинары өткізілді.
Семинарды Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Қапышев Багдат Агибайұлы өткізді.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі талаптарына, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселелеріне, мемлекеттік қызметшілерге белгіленген шектеулер мен міндеттерді сақтауға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, оларды іс жүзінде қолдану тәртібі және белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілік түсіндірілді.
Осындай ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізу қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінде адалдық пен заңдылық қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.
Мемлекеттік инвестициялар есебінен іске асырылатын құрылыс жобалары бойынша инженерлік ізденістер жүргізу және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары Бірыңғай құрылыс порталы — Qportal.kz арқылы цифрлық форматта жүзеге асырылады, ҚР ӨҚМ сайтында хабарланды.
Портал «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді және жобаға қатысушыларға жобалаудың негізгі процестерін бір жүйе шеңберінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, платформада шарттарға қол қою, жұмыс топтарын қалыптастыру, техникалық тапсырмалар мен жұмыс кестелерін әзірлеу және келісу, инженерлік ізденістер нәтижелері мен жобалау-сметалық құжаттаманы келісу, сондай-ақ инженерлік ізденістер мен жобалау бойынша орындалған жұмыстар актілерін рәсімдеу жүзеге асырылады. Барлық операция электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады.
Инженерлік ізденістер жүргізіліп, жобалау құжаттамасы әзірленгеннен кейін материалдар Qportal.kz арқылы сараптамаға жіберіледі. Осылайша, инженерлік ізденістер жүргізу мен жобалау құжаттамасын әзірлеуден бастап, материалдарды сараптамаға жолдауға дейінгі процестер бірыңғай цифрлық ортада жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің талаптарына сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік инвестициялар есебінен іске асырылатын жобалар бойынша инженерлік ізденістер жүргізу және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары Бірыңғай құрылыс порталы арқылы жүзеге асырылады.
Бірыңғай құрылыс порталында жұмыс істеу жөніндегі толық нұсқаулықтар порталдың басты бетіндегі «Тапсырыс берушіге арналған нұсқаулықтар» бөлімінде орналастырылған. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда пайдаланушылар help@qportal.kz электрондық поштасы немесе +7 (7172) 57-37-30 телефоны арқылы қолдау қызметіне жүгіне алады.
Құрылыс – ел экономикасының дамуына ықпал етіп отырған негізгі салалардың бірі. Оның жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 6%-ды құрайды, ҚР ӨҚМ сайтында хабарланды.
Елдегі құрылыс жұмыстарының көлемі биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 4,1 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға жоғары. 2025 жылдың қорытындысында көрсеткіш 10,7 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға өскен. Бұл игілікке ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы және инвестициялық белсенділіктің артуы арқасында қол жеткізілді.
Секторды одан әрі дамытудың маңызды қадамдарының бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген ҚРҚұрылыс кодексінің күшіне енуі болды. Құжат цифрлық бақылау тетіктерін енгізуге және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жетілдіру арқылы құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жаңа нормаларда құрылыс нысандарын пайдаланудың кепілдік мерзімін ұзарту, жобалау кезінде сейсмикалық тәуекелдерді міндетті түрде ескеру, құрылыс ұйымдарын цифрлық бақылау, заң бұзушылықтарға жедел ден қою және басқа да мәселелер көзделген.
Отандық құрылыс материалдары өндірісі де жүйелі түрде жолға қойылып келеді. Ішкі нарықтағы қазақстандық өндірушілердің үлесі 70%-дан асады, ал нарық сұранысын 3 мыңнан астам кәсіпорын қамтамасыз етеді. Биыл жалпы құны 202,2 млрд теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік бермек.
Кадрлық әлеуетті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Құрылыс саласында 380 мыңнан астам маман еңбек етеді. Құрылысшылардың, сәулетшілердің, жобалаушылардың, инженерлердің және өзге де сала мамандарының кәсіби шеберліктері арқасында Қазақстанның заманауи келбетін қалыптастыратын әрі ел экономикасының одан әрі дамуына негіз болатын ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс саласын цифрландыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Құрылыс кодексі нормаларын іске асыру аясында мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі (МҚҚК АЦЖ) арқылы электрмен, жылумен, сумен жабдықтауға және су бұру желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды ұсыну қызметтері іске қосылды.
Жаңа цифрлық тетік техникалық шарттарды алу рәсімдерін ашық етіп, аумақтардың инженерлік желілермен қамтамасыз етілуі және табиғи монополиялар субъектілеріндегі жеткілікті мүмкіндіктер туралы ақпараттардың қолжетімді болуына жол ашады. Бұл инвесторларға, құрылыс жүргізушілерге және өзге де өтініш берушілерге нысандарды инженерлік инфрақұрылымға қосу мүмкіндігін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті және Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесінде жүйеге техникалық шарттар беру қызметін көрсететін 375 табиғи монополия субъектісі қосылды. Оған қалған ұйымдарды қосу жұмыстары жалғасуда. Цифрлық сервис пайдаланушылар арасында сұранысқа ие болып отыр. 2026 жылғы шілде айының соңындағы жағдай бойынша МҚҚК АЦЖ геопорталы арқылы техникалық шарттарды алуға 3 495 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 2 067 өтінім қаралып, 879 өтінім мақұлданса, 696 өтінім қанағаттандырылмады, ал қалған өтінімдер табиғи монополия субъектілерінің қарауында.
Техникалық шарттарды ұсынудың цифрлық форматын енгізу – құрылыс саласындағы рәсімдердің ашықтығын арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және инвестициялық әрі құрылыс жобаларын іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексі қазіргі нарық талаптары мен экономиканы ауқымды цифрландыру үдерістерін ескере отырып, саланы кешенді жаңғыртуға бағытталған, деп хабарлайды ҚР ӨҚМ сайты.
Құжатта кадастрлық жүйе арқылы қала құрылысы жобаларын бақылау, сондай-ақ бас жоспарларға қайшы келетін рұқсат беру құжаттамасын беруді шектеу көзделген. Қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қала құрылысы жобалары қоғамдық талқылауға шығарылып, олардың нәтижелері жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында жарияланады. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын жиі түзетуге тыйым салынады (2 жылда 1 реттен артық емес).
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сейсмикалық қауіпті аумақтарда тәуекелдерді бағалау, микросейсмикалық аудандастыру карталарын міндетті түрде ескеру және өзге де қауіпсіздік тетіктері арқылы құрылыс жүргізуге қойылатын талаптар күшейтілді. Техникалық нормалаудың ұлттық институтын құру техникалық реттеудің заманауи әрі икемді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Инженер мамандардың біліктілігі мен кәсіби мәртебесін арттыру мақсатында, ЕО елдерінің тәжірибесі негізінде аттестаттау жүйесінің орнына мамандарды сертификаттау жүйесі енгізіледі. Бұл норма 2 жылдан кейін күшіне енеді.
Лицензия иелерінің электрондық тізілімін енгізу бұрын берілген рұқсаттарға толық тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоспарлы инспекциялау тетігін енгізу арқылы құрылысқа мемлекеттік бақылауды күшейту көзделген.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (МСҚБ) органдарына сәулет және қала құрылысы саласындағы талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты жедел ықпал ету шараларын қабылдау, оның ішінде құрылыс жұмыстарын және рұқсат құжаттарының қолданысын тоқтата тұру құқығы беріледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен өрт қауіпсіздігі органдары құрылыс нысандарын қабылдау рәсіміне қатысады. Сонымен бірге құрылыс нысандарының негізгі кепілдік мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін, ал көтергіш конструкцияларға, шатырға және қасбетке берілетін кепілдік мерзімі кемінде 10 жылға ұлғайтылды.
Қолданыстағы ақпараттық жүйелерді біріктіретін, яғни жоспарлау, жобалау, сараптама жүргізу мен құрылыс үдерісін, яғни жұмыстың барлық кезеңін «бір терезе» қағидаты бойынша бақылайтын Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталы құрылды. Құрылыс нысандарын бірыңғай сәйкестендіру мақсатында әрбір нысанға бірегей нысан нөмірі (БНН) беріледі.
Құрылыс кодексінің ережелері бизнес өкілдерінің, салалық қауымдастықтардың және сарапшылар қоғамдастығының қатысуымен түрлі алаңдарда жан-жақты талқыланды.
Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында мемлекеттік қызметшілер үшін 2025–2030 жылдарға арналған қоғамда Заң және Тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасын іске асыру мәселелеріне арналған дәріс ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, жауапкершілік пен әділеттілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған Тұжырымдаманың негізгі бағыттары қарастырылды.
Дәріс барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын мүлтіксіз орындау және лауазымдық міндеттерді атқару кезіндегі жеке жауапкершілікті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушыларға «Заң және Тәртіп» идеологиясының негізгі қағидаттары түсіндіріліп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу, құқықтық тәртіпті сақтау және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайту мәселелері талқыланды.
Осындай іс-шараларды өткізу мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Аймақ басшысымен бірге өңіріміздің белсенді жастары да бой көтеріп жатқан еліміздегі ең үлкен жабық аквапаркте болды.
«Экономиканың дамуымен және фабрикалар мен зауыттардың ашылуымен қатар, тұрғындар отбасыларымен бірге демалатын орындар да қатар ашылуы тиіс. Қонақтар үшін Қостанай облысының өзіндік ерекшеліктері болуы керек. Сондай ерекшеліктердің бірі – еліміздегі ең үлкен «Осьминог» жабық аквапаркі болмақ», – деді Құмар Ақсақалов.
Мемлекет Басшысының бұқаралық спортты дамыту және ұлт денсаулығын нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аймағымызда спорт инфрақұрылымының саны артып келеді.
Соңғы үш жылда өңірде 30-дан астам спорт нысаны пайдалануға берілді. 18 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 8 спорт залы, 4 жабық хоккей корты, 2 стадион, ат манежі және бассейн ашылды. Былтыр «Трудовые резервы» спорт кешені жаңғыртылды.
Қазіргі уақытта «Осьминог» аквапаркін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нысанның қасбетін әрлеу, инженерлік желілер тарту, еден төсеу және бассейндерді безендіру жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін аквапарктің жалпы аумағы екі есеге кеңейіп, 9 мың шаршы метрден асады. Су айдынының көлемі үш есе өсіп, 1 мың шаршы метрден астам ұлғаяды. Демалыс нысаны 500 келушіні қабылдайды.
Бірінші қабатта толқынды бассейн, ересектерге арналған джакузи бассейні, сырғанақтары бар бассейн және балалар бассейні бар аквааймақ, 100 адамға арналған фуд-корт орналасады.