Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау жүйесін құруға

2023 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Бұл Заң шеңберінде Еңбек кодексіне және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау жүйесін құруға бағытталған өзгерістер енгізілді.

Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын адамдарды тиісті қорғауды қамтамасыз ету тиімді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың базалық шарты болып табылады.

Бұрын болған қорғау шаралары жеткіліксіз болды. Негізінен, олар
зорлық-зомбылықты немесе басқа физикалық әсерді қолданудың нақты қаупі болған жағдайда ғана қолданылды.

Бұл ретте қолданыстағы заңнамада сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша қандай да бір шаралар қамтылмаған.

Сонымен қатар, дәл осы шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласы үшін оның жоғары жасырындылығына байланысты ерекше маңызды, өйткені қолынының сұғы бар шенеуніктер, әдетте, іштен, яғни өз әріптестерінің көмегімен әшкереленуі ықтимал.

Біздің тәжірибемізде мұндай адамдарға қысымның, қудалаудың болуы олардың азаматтық белсенділігінің «дәрежесін» айтарлықтай төмендетеді.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған адамдарды қорғаудың кешенді жүйесін құру мақсатында түзетулер мыналарға бағытталған:

1) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдарды еңбек қатынастары саласындағы олардың құқықтарына нұқсан келтіруден қорғау

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 24-1-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдар, оның ішінде уәкілетті мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарды қабылдаған күннен бастап немесе адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жәрдем көрсеткен кезден бастап үш жыл бойы еңбек қатынастары саласында мемлекеттің қорғауында болады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 24-бабы
3-1-тармағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесу:

1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі туралы хабарлауды;

2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беруді;

3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, оның жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру үшін маңызы бар (кейіннен болған) өзге де жәрдемдесуді қамтитындығы анықталған.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық – бұл үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген, сыбайлас жемқорлық белгілері бар құқыққа қайшы, кінәлі түрдегі іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) (1-баптың 11) тармақшасы).

Уәкілетті мемлекеттік органдар ретінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды, тергеп-тексеруді және олардың алдын алуды жүзеге асыратын органдар (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, ұлттық қауіпсіздік органдары, экономикалық тергеп-тексеру қызметі және т.б.) түсініледі.

Бұл ретте заң шығарушы мұндай қорғау мына жағдайларда жүзеге асырылатынын анықтады:

Бірінші. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның
24-бабына сәйкес егер жұмыскері болып табылатын мемлекеттік органда немесе ұйымда дайындалып жатқан, жасалатын немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпаратқа ие адам өзінің басшылығын хабардар етсе, онда ұйымның тиісті басшысы жұмыскердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарламасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке немесе өзге де уәкілетті мемлекеттік органға беруге міндетті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 24-2-бабына сәйкес өзі жұмыскері болып табылатын мемлекеттік органның не ұйымның басшылығын хабардар еткен адам тәртіптік комиссиясының немесе өзге де алқалы органының ұсынымдарынсыз тәртіптік жауаптылыққа тартылмайды немесе жұмыстан шығарылмайды немесе басқа лауазымға ауыстырылмайды.

Бұл ретте мемлекеттік орган немесе ұйым Агенттіктің өкілін тәртіптік комиссиясының отырысына қатысу үшін шақыру міндетті болады.

Келісу комиссиялары бар ұйымдарда, бұл ұйымның басшылығына хабарлау арқылы ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адам тарапы болып табылатын жеке еңбек дауын Агенттіктің өкілін міндетті түрде шақыра отырып қарайды (Еңбек кодексінің
159-бабы 4-1-тармағы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның
24-2-бабы)
.

Агенттік өкілін шақыру мемлекеттік органның немесе ұйымның келісу комиссиясы немесе алқалы орган отырысы өтетін күнге дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей еңбек дауын қарау орны мен уақытын көрсете отырып, еңбек дауына байланысты хабарламаны және тиісті материалдарды Агенттікке жолдау жолымен жүргізіледі.

Жоғарыда көрсетілген талаптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет немесе өзге де уәкілетті орган жұмыскердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарламасын қабылдаған күннен бастап үш жыл бойы қолданылады.

Агенттік өкілі еңбек дауын қарауға келмеген жағдайда тәртіптік немесе келісу комиссиясының отырысы оның қатысуынсыз өткізіледі.

Бұл ретте, егер Агенттіктің өкілі еңбек дауын қарауға қатыспаса да, келісу комиссиясы шешімінің немесе алқалы орган отырысы хаттамасының көшірмесі шешім қабылданған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде міндетті түрде Агенттікке жолданады.

Агенттік келісу немесе тәртіптік комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда, комиссия шешімінің көшірмесін алған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде жергілікті еңбек инспекциясы органына не прокуратураға жұмыскердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы хабарлама жолдайды.

Бұл ретте көрсетілген хабарламаны жолдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен адамның сотқа жүгінуіне кедергі болып табылмайды.

Сонымен қатар, Агенттік өкілінің келісу комиссиясының құрамына қатысуының негізгі мақсаты есесін алу, кек алу және қудалау белгілерін анықтау немесе керісінше олардың жоқтығына көз жеткізу екенін түсіну қажет.

Объективті шешім қабылданған жағдайда, яғни шешім жұмыскердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесуіне байланысты оның пайдасына қабылданбағаны туралы фактілер болмаған жағдайда, жұмыскер қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес жасалған іс үшін жауапты болады.

Айта кету керек, Агенттік өкілі материалдарды еңбек инспекторына немесе прокурорға комиссияның кез келген теріс шешімі кезінде емес, ол қабылданған шешімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен жұмыскердің есесін алу, кек алу және қудалау белгілері бар екеніне сенімді болған кезде ғана жолдайды.

Бұл ретте Агенттіктің жұмыс берушінің шешімінің күшін жою бойынша өкілеттігі жоқ, тек жұмыскердің еңбек құқықтарының бұзылуы туралы құзыретті органдарға хабарлайды, содан кейін шешімді тиісті орган, яғни еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган немесе прокуратура қабылдайтын болады.

Екінші. Егер жұмыскер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау үшін өзінің жұмыс берушісіне емес, тікелей сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке немесе өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінетін болса, еңбек құқықтарын қорғау шаралары ерекшеленеді.

Мұндай жағдайда уәкілетті орган сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамды тиісті сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу туралы ескертетін болады. Мемлекеттік органның немесе ұйымның басшылығы оның жұмыскерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке немесе өзге де уәкілетті органға осы мемлекеттік органда немесе ұйымда сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлағанын білмегендіктен, басшылықтың мұндай жұмыскерден құтылу ниеті болмайды және тиісінше жұмыскермен еңбек дауларын ерекше тәртіппен қараудың қажеті жоқ.

Бұл жағдайда қорғау «постфактум», яғни жұмыскердің ақпараттың жайылып кетуіне немесе жұмыс берушінің бұл жұмыскердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткенін түсініп қойғанына байланысты шараның (тәртіптік жаза, жұмыстан шығару және т. б.) қабылданғаны туралы дәлелдермен Агенттікке жүгінуі жағдайында тәртіптік жауапкершілікке тартылған немесе қызметінен босатылған кезде жүзеге асырылады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 24-4-бабы
1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жұмыскердің мұндай құқығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет немесе өзге де уәкілетті орган сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарламаны қабылдаған күннен бастап үш жыл бойы қолданылады.

Осындай өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде Агенттік ұсынылған материалдарды қарайды және хабарлаушының өтінішінің негізділігі анықталған жағдайда жұмыскердің наразылығын тудырған мәселелерді қайта қарау қажеттілігі туралы мемлекеттік органның не ұйымның басшылығына хабарлама жібереді.

Хабарламаны алғаннан кейін жұмыс беруші Агенттік өкілін шақыра отырып, еңбек дауларын қараудың жалпы рәсімін жүзеге асыратын болады.

Бұл ретте, мемлекеттік органның немесе өзге де ұйымның басшысы келісу комиссиясының немесе өзге алқалы органның отырысын өткізуге және қаралатын мәселе бойынша Агенттікке өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде шешім қабылдауға міндетті.

2) Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған адам туралы мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 24-бабы
4-тармағында бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылатыны көзделген. Бірақ құқық қолдану практикасы көрсеткендей, бұл норма құпия іс жүргізудің ерекшеліктеріне байланысты жұмыс істемейтін болып шықты.

2023 жылғы 3 қаңтардағы Заңмен енгізілген түзетулерге сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау фактісі туралы хабарлау мақсатында адамның өз басшылығына немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуі туралы ақпарат мұндай ақпаратты жария етпеу туралы келісім болған кезде құпия ақпарат болып табылады.

Бұл ретте, жұмыс берушілер мен уәкілетті мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жарияламау туралы келісімді жоғарыда аталған адамның оны жасауға ниеті болған кезде оны жасасу міндеті белгіленген (Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 29) тармақшасы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 24-3-бабы
2-тармағы)
.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 24-3-бабы
1-тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беру немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, оның жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру үшін маңызы бар (кейіннен болған) өзге де жәрдем көрсету мақсатында адамның өзі жұмыскері болып табылатын (болған) мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуі туралы ақпараттың құпиялылығын тиісті мемлекеттік органда не ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетілген жағдайда осы адам жұмыс істейтін мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысы және (немесе) басшылығы, келісу комиссиясының немесе алқалы органның мүшелері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім болған кезде уәкілетті мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

Жарияламау туралы осындай келісім болған кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен адамға қатысты тәртіптік немесе келісу комиссиясының отырысы құпиялылықты қамтамасыз ете отырып өткізіледі.

Қылмыстық Кодекстің (бұдан әрі – ҚК) 424-бабына сәйкес, егер бұл
іс-әрекетті өзімен көрсетілген ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасалған адам жасаса
, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жәрдем көрсету мақсатында адамның өзінің басшылығына немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінгені туралы ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 24-3-бабы
5-тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасу тәртібін және оның нысанын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

Заңның осы нормасын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2023 жылғы 11 мамырдағы № 153 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасу қағидаларын және оның нысанын бекіту туралы» бұйрығы қабылданды (Әділет министрлігінде 2023 жылғы 11 мамырда № 32466 болып тіркелген).

Бұл бұйрық 2023 жылғы 25 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді.

Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау жүйесін құруға
Дата публикации
13 июля 2023