Жиі қойылатын сұрақтардың анықтамасы
1. Құрылысты және қайта құруды жобалау-сметалық құжаттамасыз жасауға бола ма?
Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен келiсiм бойынша тапсырысшы (меншiк иесi) жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларынсыз не нобайлар (нобайлық жобалар) бойынша:
1) сейсмикалық қауіптілігі жоғары аймақтарда орналасқан немесе іске асыру кезінде арнайы жобалық шешімдер мен іс-шараларды талап ететін өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар екі қабаттан жоғары жеке тұрғын үйлер салудан басқа, жеке тұрғын үйлер салуды;
2) өз билiгiндегi үй жанындағы учаскелерде немесе бау-бақша серiктестiктерiнiң учаскелерiнде уақытша құрылыстар, сондай-ақ маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығы үшiн тұрғын және (немесе) шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар тұрғызуды;
3) қосымша жер учаскесін бөлуді (аумақ кесіп беруді) талап етпейтін, тіреу конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен коммуникацияларды қандай да бір өзгертуге байланысты емес, сәулеттік-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаларды нашарлатпайтын, пайдалану кезінде қоршаған ортаға зиянды әсерін тигізбейтін, тұрғын үйлердегі (тұрғын ғимараттардағы) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды);
4) азаматтардың жеке пайдалануына арналған, техникалық жағынан күрделi емес басқа да құрылыстарды өзгертудi жүзеге асыра алады.
Осы баптың 3) және 4) тармақшаларында аталған үй-жайларды немесе құрылыстарды техникалық жағынан күрделi емес өзгерiстер тобына жатқызу туралы шешiмдi республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
Өз үйiнiң жанындағы учаскелерде, бау-бақша серiктестiктерiнiң (қоғамдарының) учаскелерiнде бар құрылыстарға шаруашылық-тұрмыстық қосымша құрылыстар тұрғызу, оларды абаттандыру, сондай-ақ сол учаскелерде контейнермен және блокпен орындалатын ықшам кешендердi монтаждау, егер аталған объектiлер басқа тұлғалардың немесе мемлекеттiң мүдделерiне қатысы болмаса, жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарымен келiспей-ақ жүзеге асырылуы мүмкiн.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 60-бабы 2-т.)
2. Салынған объектіні пайдалануға қабылдауды қандай құжатпен рәсімделеді?
Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актімен ресімделеді. Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі бекітуге жатады.
Қабылдау актісін бекітуді тапсырыс беруші жүргізеді. Объектіні пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылған күн оның бекітілген күні және объектінің пайдалануға берілген күні деп есептеледі.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 73-бабы 4-т.)
3. Объектіні пайдалануға қабылдау актісіне кім қол қояды?
Салынған объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiне сәйкестiк туралы декларацияның және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестiгi мен құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындылардың негiзiнде тапсырыс берушi, мердiгер (бас мердiгер), техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын адамдар қол қояды.
Объект бұзушылықтармен және құрылыстағы шалағайлықтармен пайдалануға қабылданған жағдайда, объектiнi пайдалануға қабылдауға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 73-бабы 5-т.)
4. Қандай объектілерді меншік иесі дербес пайдалануға қабылдай алады?
Меншік иесі (тапсырыс беруші, инвестор, құрылыс салушы) құрылысы аяқталған, техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi өз бетінше қабылдауды, атап айтқанда:
1) тіреу және қоршау конструкцияларын өзгертуге байланысты емес, бұрыннан бар үйлердің үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жоспарлау арқылы реконструкциялауды;
2) уақытша құрылыстарды, соның iшiнде маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған тұрмыстық үй-жайларды;
3) жеке үй маңындағы учаскелер аумақтарындағы шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарды, бау-бақша серiктестiктерi (қоғамдары) учаскелерiндегi құрылыстарды, үй жанындағы немесе үй iргесiндегi (саяжай) учаскелердегi абаттандыру элементтерiн;
4) контейнердi және блоктарды пайдаланып жасалатын шағын кешендердi, сондай-ақ құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылған және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтермен келiсудi қажет етпейтiн сауда, қоғамдық тамақтандыру мен тұрмыстық қызмет көрсету кәсiпорындарына арналған бiр қабатты үйлердi (ғимараттарды);
5) автомашиналар саны елуден аспайтын ашық үлгiдегi автотұрақтарды, сондай-ақ саны екеуден аспайтын автомашинаға арналған жайы бар көлiкжайларды;
6) жеке тұрғын үйлерді, сондай-ақ азаматтардың жеке пайдалануына арналған басқа да құрылыстарды салуды;
7) шағын сәулеттiк нысандарды және аумақтардың қоршауын;
8) үйлер (ғимараттар) маңындағы ашық спорт алаңдарын, тротуарларды, тас төсенiштерiн пайдалануға қабылдауды дербес жүзеге асырады.
Егер үй-жайларды (үйдiң жекелеген бөлiктерiн) өзгерту, сондай-ақ техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi салу мен пайдалану басқа азаматтардың құқықтарына нұқсан келтiрсе не мемлекеттiк және (немесе) қоғамдық мүдделерге қайшы келсе, бұл баптың нормаларын қолдануға болмайды.
Осы баптың нормалары:
1) құрылысы мемлекеттiк инвестициялар есебiнен не олардың қатысуымен қаржыландырылатын;
2) сейсмикалық қауіптілігі жоғары аймақтарда орналасқан немесе іске асыру кезінде арнайы жобалық шешімдер мен іс-шараларды талап ететін өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар екі қабаттан жоғары жеке тұрғын үй құрылысы объектілеріне қолданылмайды.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 74-бабы)
5. Меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдаудың қандай тәртібі бар?
Меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау тәртібін, сондай-ақ қабылдау актісінің нысанын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
Меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау, сондай-ақ қабылдау актісінің нысаны Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 867 бұйрығымен бекітілген.
http://adilet.zan.kz/rus/docs/V1700016165
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 74-бабы)
6. Объектіні пайдалануға қабылдау актілерді есепке алу тәртібі қандай?
Құрылысқа тапсырыс беруші: объектіні пайдалануға қабылдау актісі бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде объект орналасқан жердегі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына объектінің техникалық сипаттамалары жөніндегі қосымшамен бірге объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісін, сәйкестік туралы декларацияны және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы мен орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға сәйкестігі туралы қорытындыларды жіберуге міндетті.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 34-2-бабы)
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы өтініш берушіден объектінің техникалық сипаттамалары жөніндегі қосымшамен бірге объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісін, сәйкестік туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы мен орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға сәйкестігі туралы қорытындыларды алған кезден бастап бір күн ішінде бір мезгілде:
1) объект орналасқан жердегі сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесіне – объектінің техникалық сипаттамалары жөніндегі қосымшамен бірге объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісін;
2) объект орналасқан жердегі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына объектінің техникалық сипаттамалары жөніндегі қосымшамен бірге объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісін, сәйкестік туралы декларацияны және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы мен орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға сәйкестігі туралы қорытындыларды жібереді.
Сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні өткенге дейін тапсырыс берушінің құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында айқындалған рәсімдерді сақтауын салыстырып тексереді және пайдалануға қабылдау актісін есепке алуды жүргізеді.
Салыстырып тексеру қорытындысы бойынша құрылыс объектісінің құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының талаптарына сәйкес келмеуі анықталған жағдайда, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде бұл жөнінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына және тіркеуші органға жазбаша хабарлайды.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 75-1-бабы)
7. Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне жаңадан сәйкестендіру мен техникалық мәліметтерін енгізу қалай орындалады?
Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) олардың құрамдастарының жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін енгізу және ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеудің қажетті шарты болып табылады.
Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке ғимараттардың, құрылысжайлардың және (немесе) олардың құрамдастарының сәйкестендіру мен техникалық мәліметтерін енгізу және ғимараттарды, құрылысжайларды және (немесе) олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатқызылады және оны жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жеріндегі тіркеуші орган жүзеге асырады.
Жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жүзеге асырылмайды және техникалық паспорт ресімделмейді.
Ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) олардың құрамдастарының жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін тіркеуші орган құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне тиісті жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінде есепке алынуға жататын, объектіні пайдалануға қабылдау актісінің негізінде енгізеді.
(«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310 Заңының 18-бабы)
8. Мемлекеттiк қала құрылысының кадастры қандай деректерді қамтиды?
Мемлекеттiк қала құрылысының кадастры аумақтардың, ғимараттардың және құрылыстардың, шағын сәулет нысандарының және абаттандыру бөліктерінің жай-күйi туралы, сондай-ақ аумақтар мен елдi мекендердi дамыту мен құрылысын салудың қала құрылысын жоспарлау туралы мәлiметтердi, аумақтар мен объектiлердiң тиiстi функционалдық аймақтарға тиесiлiлiгi, олардың қазiргi және болашақтағы мақсаттары, экологиялық, инженерлiк- геологиялық, гидрогеологиялық, геотехникалық және сейсмикалық жағдайлары, инженерлiк қамтамасыз етiлуi туралы деректердi қамтиды.(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 37-бабы)
9. Мемлекеттiк қала құрылысының кадастры не үшін пайдаланылады?
Мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының деректерi:
1) қала құрылысы мен сәулет-құрылыс құжаттамасын әзiрлеу және iске асыру;
2) жылжымайтын мүлiк объектiлерiн дамыту және өзгерту;
3) жылжымайтын мүлiкпен мәмiлелер жасауды, оны тiркеудi жүзеге асыру;
4) инвестициялық қызметтi бағалау;
5) қала құрылысы және сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беру;
6) сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыру, қоршаған ортаны қорғау кезiнде пайдаланылуға тиiс.
Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры жерге және басқа да жылжымайтын мүлiкке салынатын салық мөлшерiн белгiлеу, жылжымайтын мүлiк айналымын пайдалануды құқықтық реттеу, елдi мекендердiң аумақтарын ұтымды пайдалануға бақылау жасау, қала құрылысы регламенттерiн сақтау және жобаларды iске асыруды талдау үшiн пайдаланылады.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 37-бабы)
10.Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі қызметін кім жүзеге асырады?
Мемлекеттік қала құрылысы кадастры Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында бірыңғай жүйе бойынша жүргізіледі.
Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.
Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мәліметтері мемлекеттік ақпараттық ресурс болып табылады.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 38-бабы).
11. Тұрғын аймақ не үшін арналады
Елдi мекеннiң тұрғын аймағы үй жанында жайғастырылған аумақтары бар көп пәтерлi тұрғын үй-жайлар (үйлер) және үй жанындағы учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналады.
Тұрғын аймақ жеке тұрған және (немесе) тұрғын үйлерге жапсарластыра салынған (оларға жанастыра салынған) медициналық қызмет көрсететiн, әлеуметтiк-тұрмыстық және мәдени-ағарту мақсаттарына арналған объектiлермен, инженерлiк және көлік инфрақұрылымы объектілерiмен қамтамасыз етiлуге тиiс.
Тұрғын аймақ көлік құралдарына арналған тұрақтармен және орынтұрақтармен, пәтерлердің санына сәйкес қажетті орынтұрақ алаңымен, балалар және спорт алаңдарымен қамтамасыз етілуге тиіс.
Тұрғын аймақта қонақ үйлердi, жер бетiндегi және жер астындағы көлікжайларды, автомобиль көлiгiнiң ашық тұрақтарын, сондай-ақ орналастырылуы мен қызметi санитариялық-қорғаныш аймақтарын жасауды талап ететiн, қоршаған ортаға әсер етпейтiн өндірiстiк объектiлердi орналастыруға жол берiледi.
Жекелеген жағдайларда тұрғын аймақтарға елдi мекеннiң шекаралары (шектері) шегінде орналасқан бағбандық және саяжай серiктестiктерi де жатқызылуы мүмкiн.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 49-бабы).
12. Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақ не үшін арналады?
Елдi мекеннiң қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймағы әкiмшiлiк, ғылыми-зерттеу, қоғамдық мекемелердi және олардың кешендерiн, қонақ үйлер мен қонақ үй кешендерiн, iскерлiк және қаржылық белсенділiк орталықтарын, мәдениет, бiлiм беру, денсаулық сақтау, спорт, коммерциялық қызмет, сауда және қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету объектiлерiн, аталған объектiлердiң жанынан ашық көлік тұрақтарын, жер бетiндегi және жер астындағы көлiкжайларды, санитариялық және экологиялық қорғаныш жөніндегi арнаулы iс-шараларды талап етпейтiн басқа да үйлер мен ғимараттарды орналастыруға арналады.
Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақта орналастыруға рұқсат етiлген объектiлер тiзбесiне тұрғын үй-жайлар (үйлер) енгiзiлуi мүмкiн.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 50-бабы).
13. Рекреациялық аймақ не үшін арналады?
Елдi мекендердегi рекреациялық аймақтар халықтың демалыс орындарын ұйымдастыру мен жайғастыруға арналған және бақтарды, орманды парктердi, парктер мен саябақтарды, хайуанаттар парктерiн, су тоғандарын, жағажайларды, аквапарктердi, ландшафтық сәулет объектiлерiн, өзге де демалыс және туризм орындарын, сондай-ақ бос уақытты өткізу және (немесе) сауықтыру мақсатындағы үйлер мен ғимараттарды қамтиды.
Рекреациялық аймаққа елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiнде орналасқан, қорғалатын табиғат объектiлерi енгiзiлуi мүмкiн.
Рекреациялық аймақтың аумағына жаңа өнеркәсiптiк, коммуналдық және қойма объектілерiн, рекреациялық аймақтың жұмыс iстеуiне тiкелей байланысы жоқ тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды орналастыруға (салуға) және олардың жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге жол берiлмейдi.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 51-бабы).
14. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы нені белгілейді?
Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы мыналарды белгілейді:
1) функционалдық-қала құрылысын аймақтарға бөлуді айқындай отырып, аумақты жоспарлау ұйымдастырудың негізгі бағыттары;
2) қызыл, сары сызықтар және құрылыс салуды реттейтін сызықтар;
3) халыққа әлеуметтік, мәдени және коммуналдық қызмет көрсету объектілерін орналастыру, көше-жол желісін және көліктік қызмет көрсетуді ұйымдастыру, инженерлік коммуникацияларды трассалау үшін аумақты резервке қою;
4) көшелердің көлденең қималары;
5) аумақты абаттандыру және көгалдандыру;
6) жария қала құрылысы шектеулері;
7) инженерлік коммуникациялар жоспары;
8) жол инфрақұрылымын дамыту жоспары;
9) астана, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар аумақтары бөлігінің бірыңғай сәулеттік стилінің тұжырымдамасы.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 47-1-бабы).
15. Міндетті сараптамаға қандай жобалар жатады?
Міндетті сараптамаға:
1) кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді талап ететін және Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті өкілді органдардың бекітуіне жататын, аумақтарды дамытудың және оларға құрылыс салудың қала құрылысын жоспарлау жобалары;
2) бюджет қаражаты есебінен немесе осы қаражаттың қатысуымен қаржыландырылатын, сондай-ақ бюджет қаражатының қатысуынсыз тұрғызылатын, бірақ шығарылатын өнімнің немесе көрсетілетін қызметтердің көлеміндегі мемлекеттік меншіктің үлесі заңнамада белгіленген тәртіппен көзделетін, сондай-ақ мемлекет кепілдігімен не мемлекет кепілгерлігімен мемлекеттік емес қарыз қаражаттың қатысуынсыз тұрғызылатын үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама;
3) осы баптың 4-тармағында келтірілген техникалық жағынан күрделi емес объектiлер құрылысының жобаларын қоспағанда, бюджет қаражатының немесе мемлекеттiк инвестициялардың өзге де нысандарының қатысуынсыз қаржыландырылатын объектілердің құрылысына арналған жобалау-сметалық құжаттама жатады.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 64-1-бабы).
16. Жобаларға сараптама қандай түрлерге бөлінеді?
Жобаларға сараптама мынадай түрлерге бөлінеді:
1) аккредиттелген сараптама ұйымдары немесе тиісті аттестаты бар сарапшылар жүзеге асыратын, құрылысқа арналған жобаларға сараптама (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама);
2) мемлекеттік монополияға жатқызылған құрылыс жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) ведомстводан тыс кешенді сараптама;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін жобалар бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган құратын сараптама комиссиялары;
мәслихаттар бекітетін жобалар бойынша тиісті жергілікті атқарушы органдар құратын сараптама топтары жүзеге асыратын, қала құрылысының әр түрлі деңгейдегі жобаларына міндетті сараптама – кешенді қала құрылысы сараптамасы;
4) мүдделі мемлекеттердің уәкілетті органдары құратын халықаралық сараптама комиссиялары жүзеге асыратын, объектілерді жобалау және салу немесе аралас шекара маңы аумақтарының қала құрылысын жоспарлау бойынша тиісті халықаралық шарттардың екі және одан да көп қатысушы мемлекеттері үшін өзара мүддені білдіретін жобаларға мемлекетаралық сараптама.
(«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 64-3-бабы).
17. Құрылыс жұмыстары ойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде әлеуетті өнім берушілердің қандай материалдық және еңбек ресурстарының болуын тиіс?
Құрылыс жұмыстары (жаңа құрылыс, бар объектілерді кеңейту, техникалық қайта жасақтау, жаңғырту, реконструкциялау, қайта жаңарту және күрделі жөндеу) бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, техникалық-экономикалық негіздеме, жобалау-сметалық құжаттама және қала құрылысы жобаларын әзірлеу кезінде әлеуетті өнім берушілердің материалдық және еңбек ресурстарының болуын растайтын құжат Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес берілген тиісті рұқсат (лицензия) болып табылады.
(«Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығының 85-1-бабы)
18. Әлеуеттi өнiм берушiнiң құрылыс саласында жұмыстарға және қызметтерге арналған қатысуға өтiнiмнiң бағасықандай жағдайда демпингтiк болып танылады?
Егер әлеуеттi өнiм берушiнiң жұмыстарға арналған қатысуға өтiнiмнiң бағасы техникалық-экономикалық негiздемеде (жобалау-сметалық құжаттаманы даярлау үшiн) және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамада (жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжат) көрсетілген бағадан он пайыздан астам төмен болған жағдайда, ол демпингтiк болып танылады.
Егер әлеуеттi өнiм берушiнiң техникалық-экономикалық негiздемені, жобалау-сметалық (үлгілік жобалау-сметалық) және қала құрылысы жобалары құжаттаманы әзірлеу бойынша қатысуға өтiнiмнiң бағасы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14642 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының 2016 жылғы 28 қарашадағы № 232-НҚ бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасында құрылысқа арналған жобалау жұмыстарының құнын айқындау жөніндегі Мемлекеттік нормативке сәйкес тапсырыс беруші есептеген бағадан он бес пайыздан астам төмен болған жағдайда, ол демпингтiк болып танылады.
Әлеуетті өнім берушінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12681 болып тіркелген) "Объектілер құрылысының жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі аумақтардың қала құрылысын жоспарлау жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу жөніндегі жұмыстардың құнын айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 21 желтоқсандағы № 780 бұйрығына сәйкес белгіленген бағадан ол төмен болса, демпингтік деп танылады.
Егер әлеуетті өнім берушінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік қызметтер (техникалық қадағалау) көрсетуге арналған конкурстық өтінімінің бағасы бекітілген мемлекеттік нормативтерге сәйкес есептелген бағадан он бес пайыздан астамға төмен болған жағдайда, ол демпингтік деп танылады.
Аталмыш жұмыстар мен қызметтерді ұсыну бойынша демпингтік баға ұсынуға рұқсат етілмейді.
Демпингтік бағаны есептеу веб-порталда жүргізіледі.
(«Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығының 13 параграфы)
19. Мемлекеттік сатып алуда қатысу кезінде құрылыс саласында әлеуетті өнім беруші қандай құжаттармен жұмыс тәжірибесін растайды?
Егер конкурстың нысанасы жаңа объектілер салу, сондай-ақ бар объектілерді кеңейту, техникалық қайта жасақтау, жаңғырту, реконструкциялау, қайта жаңарту және күрделі жөндеу болып табылған жағдайда орындалған жұмыстарды қабылдау және объектіні пайдалануға қабылдау актілерінің электрондық көшірмелері жұмыс тәжірибесін растаушы құжат болып табылады.
Егер әлеуетті өнім берушінің қосалқы мердігер ретінде жұмыс тәжірибесі бар болған жағдайда, осы қосалқы мердігер туралы мәліметтер көрсетілген орындалған жұмыстарды қабылдау және объектіні пайдалануға қабылдау актілерінің электрондық көшірмелерін ұсынады.
Объектіні пайдалануға қабылдау актілерінде қосалқы мердігер туралы мәліметтер болмаған жағдайда, осы қосалқы мердігер туралы мәліметтер көрсетілген сәйкестік туралы декларацияның электрондық көшірмелерін қосымша ұсынады.
Егер жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу конкурс нысанасы болып табылған жағдайда сараптаманың оң қорытындысының электрондық көшірмесі жұмыс тәжірибесін растаушы құжат болып табылады.
Сатып алынатын көрсетілетін қызметтер нарығында жұмыс тәжірибесін растаушы құжаттар көрсетілген қызметтердің актілері мен шот-фактураларының электрондық көшірмелері болып табылады.
Егер осы конкурста қызметтерді көрсету тәжірибесінің болуы біліктілік талабы болып табылмаған жағдайда растаушы құжаттардың электрондық көшірмелерінің болмауы тиісті шартты жеңілдікке әсер етеді.
(Конкурстық құжаттамаға5,6-қосымшасы)
20.Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде құрылыс саласында жұмыс тәжірибе қалай есептеледі?
Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес (Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген)Құрылыс саласындағы жұмыс тәжірибесі құрылыс объектілерінің функционалдық мақсаты мен салалық тиесілілігіне (құрылыс түрлері бойынша бұдан бұрын орындалған жұмыстардың ұқсастығы немесе сәйкестігі) және Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған олардың техникалық күрделілігіне сүйене отырып есептеледі.
Әлеуетті өнім берушінің құрылыс саласындағы жұмыс тәжірибесін (құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жобалау) есептеу кезінде жиынтықта:
1) ғимараттар мен құрылыстардың жауапкершілік деңгейі (бірінші – жоғары, екінші – қалыпты, үшінші – төмендетілген) есептеледі.
Егер конкурс нысанасы жауапкершілік деңгейі бірінші (жоғары) ғимарат пен құрылыс болып табылған жағдайда, тек жауапкершілік деңгейі бірінші (жоғары) ғимарат пен құрылыстың жұмыс тәжірибесі ескеріледі.
Егер конкурс нысанасы жауапкершілік деңгейі екінші (қалыпты) ғимарат пен құрылыс болып табылған жағдайда, жауапкершілік деңгейі бірінші (жоғары) және екінші (қалыпты) ғимарат пен құрылыстың жұмыс тәжірибесі ескеріледі.
Егер конкурс нысанасы жауапкершілік деңгейі үшінші (төмендетілген) ғимарат пен құрылыс болып табылған жағдайда, жауапкершілік деңгейі бірінші (жоғары), екінші (қалыпты) және үшінші (төмендетілген) ғимарат пен құрылыстың жұмыс тәжірибесі ескеріледі;
2) объектілердің техникалық жағынан күрделілігі (техникалық жағынан күрделі объектілерге жататын ғимараттар мен құрылыстар және техникалық жағынан күрделі объектілерге жатпайтын ғимараттар мен құрылыстар).
Егер конкурс нысанасы техникалық жағынан күрделі объектілер (кешендер) болып табылған жағдайда, тек техникалық жағынан күрделі объектілердің (кешендердің) жұмыс тәжірибесі ескеріледі.
Егер конкурс нысанасы техникалық жағынан күрделі объектілерге (кешендерге) жатпайтын ғимараттар мен құрылыстар болып табылған жағдайда, техникалық жағынан күрделі объектілердің (кешендердің) және техникалық жағынан күрделі объектілерге (кешендерге) жатпайтын ғимараттар мен құрылыстардың жұмыс тәжірибесі ескеріледі;
3) функционалдық мақсаты (өнеркәсіп объектілері, өндіріс ғимараттары, құрылыстар, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілер, өзге де құрылыстар);
4) бұрын орындалған жұмыстар конкурс нысанасымен "Рұқсаттар мен хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - "Рұқсаттар мен хабарламалар туралы" Заң) Бірінші санаттағы рұқсаттардың (лицензиялардың) Тізбесінің 5 және 6-бөлімдерінде көзделген лицензияланатын қызмет түрінің бір түрінде болған жағдайда, олардың ұқсастығы немесе сәйкестігі ескеріледі.
(Конкурстыққұжаттамаға5-қосымшасы)