Жаздың ыстық күндерінің басталуымен жіті ішек инфекцияларын жұқтыру қаупі артады. Жіті ішек инфекциялары (ЖІИ) – нәжіс-ауыз арқылы берілетін, қоздырғыштары адамның ішегінде шоғырланатын, жиі сұйық нәжіспен, жүрек айнумен, құсумен және дене қызуының көтерілуімен сипатталатын жұқпалы аурулар тобы.
Жұғу жолдары: Тағам арқылы – ластанған азық-түлік өнімдерін, дайын тағамдарды, сондай-ақ жеткілікті түрде жуылмаған немесе термиялық өңдеуден өтпеген көкөністер мен жемістерді тұтынғанда; - Су арқылы – ЖІИ қоздырғыштарымен (вирустар немесе бактериялар) ластанған шикі суды ішкенде; - Тұрмыстық-қатынас арқылы – лас қол, тұрмыстық заттар (төсек-орын, сүлгі, ыдыс-аяқ, ойыншықтар) арқылы.
Алдын алу шаралары: - Қауіпсіз азық-түлік өнімдерін таңдаңыз. - Жемістер мен көкөністерді мұқият жуыңыз, мүмкіндігінше қайнатылған сумен шайыңыз. Пастерленген сүтті ғана пайдаланыңыз. Сүт және ет өнімдерін жеке саудагерлерден сатып алудан аулақ болыңыз. Өнімнің жарамдылық мерзімін және қаптамасының бүтіндігін міндетті түрде тексеріңіз.
- Тағамды толық пісіріңіз. - Шикі ет, құс еті және сүтте қауіпті микроорганизмдер болуы мүмкін. Тағамның барлық бөлігінің температурасы кемінде 70°С болуы тиіс. Дайын тағамды ұзақ күттірмей тұтыныңыз. Бөлме температурасында тағамда микробтар тез көбейеді.
- Тағамды дұрыс сақтаңыз. Дайын тағамды ыстық күйінде (60°С және одан жоғары) немесе салқын күйінде (10°С және одан төмен) сақтаңыз. Балалар тағамын сақтамаған жөн. Тоңазытқышқа көп мөлшерде жылы тағамды бірден қоймаңыз.
Алдын ала дайындалған тағамды жақсылап қайта қыздырыңыз. Тамақтың ішкі температурасы кемінде 70°С болуы керек. Шикі және дайын тағамдардың жанасуына жол бермеңіз. Бір пышақ пен бір кесу тақтайын шикі және дайын өнімдерге қатар қолданбаңыз.
- Қолыңызды жиі жуыңыз. Тамақ дайындаудың алдында және кейін, дәретханадан шыққан соң, баланың жөргегін ауыстырғаннан кейін, сондай-ақ шикі ет, балық немесе құс етін өңдегеннен кейін қолды сабындап мұқият жуыңыз. Қолдағы жараны міндетті түрде таңып немесе пластырьмен жабыңыз.
- Асүйді таза ұстаңыз. Тағам дайындалатын барлық беттер таза болуы тиіс. Ыдыс сүртетін сүлгілерді күн сайын ауыстырып, үстел мен еден сүртетін шүберектерді күнделікті жуып, кептіріңіз.
- Тағамды жәндіктерден, кеміргіштерден және үй жануарларынан қорғаңыз. Өнімдерді тығыз жабылатын ыдыстарда сақтаңыз.
- Таза суды пайдаланыңыз. Тек қауіпсіз ауыз суды (қайнатылған суды немесе зауыттық қаптамадағы сусындарды) ішіңіз және тағам дайындауға қолданыңыз.
- Суға шомылған кезде көлдерде, өзендерде немесе бассейндерде судың ауызға түсуіне жол бермеңіз.
Қазіргі уақытта көптеген ішек инфекциялары жеңіл түрде өтетіндіктен, кейбір науқастар дәрігерге қаралмай, өздігінен емделуге тырысады. Бұл өте қауіпті. Сонымен қатар, әрбір науқас айналасындағыларға инфекция жұқтыруы мүмкін екенін есте сақтауы қажет. Сондықтан ішек ауруының алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралыңыз.
«Сарыкөл аудандық санитарлық
басқармасы-эпидемиологиялық
бақылау» РММ басшысының м.а. Б.М. Есетаев