GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Басқарма туралы
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
16 октября 2026
«Кітапхана – ұлт руханиятының тірегі: мұра, мүмкіндік, мақсат» облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы

2026 жылғы 16 қазанда Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының қолдауымен Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітапхана – ұлт руханиятының тірегі: мұра, мүмкіндік, мақсат» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараға өңір кітапханаларының басшылары, әдіскерлері мен мамандары қатысты. Пленарлық отырыстың негізгі оқиғасы Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың ғылыми-мәдени мұрасына, оның Қазақстандағы кітапхана ісінің дамуына қосқан үлесіне, тарихи жадыны сақтау және ұрпақтар сабақтастығы мәселелеріне арналған Дәулетов оқулары болды.

Тақырыптық секциялар мен практикалық сабақтар аясында Қазақстан Республикасының ішкі саясаты, Википедияны пайдалану, «Оқитын ұлт» бастамасын іске асыру және кітапхана қорларын толықтыру мәселелері қарастырылды. Әдіскерлерге арналған «Оқитын ұлтты қалыптастыру: идеядан бағдарламаға дейін» тақырыбында шеберлік сағаты өткізілді.

Конференция кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және кітапхана саласын дамытудың өзекті бағыттарын талқылау алаңына айналды. Сонымен қатар мәдени мұраны сақтау мәселелерін кітапхана қызметіндегі заманауи тәсілдермен ұштастыруға мүмкіндік берді.

14 октября 2026
«Қазақ халқының қаһармандары»

Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жарқын және есте қаларлық оқиға – Ақтау қаласынан келген көшпелі суретшілер Инна Ермакова мен Әсел Мырзағалиеваның (ERMAC шығармашылық тобы) көрермен көңілінен шыққан көрмесі өтті.

Үш күн бойы жұмыс істеген көрме кітапхана оқырмандары мен қала қонақтарының үлкен қызығушылығына ие болды. Заманауи өнерді, ұлттық дәстүрлер мен Қазақстан тарихын тоғыстырған көрме өнер мен сұлулықты бағалайтын көптеген көрерменнің назарын аударды.

Көрмеге авторлық этностильде аралас техникамен орындалған 12 бірлескен туынды қойылған. Табиғи және жасанды материалдар: тастар, әшекей бұйымдар және күміс қолданылған бұл жұмыстар барельефтің, кескіндеменің және сәндік элементтердің керемет үйлесімі болып табылады.

Ультракүлгін сәуленің әсерінен жарық шашатын флуоресцентті бояулар қолданылған кескіндемелік туындылар ерекше назар аудартады. Олар көрмеге өзгеше атмосфера сыйлап, өнер туындыларын жаңа қырынан танытып, көрерменге ерекше әсер қалдырады.

Көрменің төрінен орын алған басты туынды – кенепке салынған «Қазақ халқының қаһармандары» атты ауқымды тарихи картина. Онда Қазақстанның тарихына, мәдениетіне және дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғалар мен ұлы адамдардың 100 портреті бейнеленген. Тұлғалар галереясы ежелгі заманнан (Алтын адам дәуірінен) бастап бүгінгі күнге дейінгі еліміздің тарихи жолын қамтиды. Бұл есімдері мен жетістіктері ұлттық жадымыздың және Қазақстанның мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналған тұлғаларға арналған тағзым болып табылады.

Әріптестерінің қуанышына ортақтасып, оларды құттықтап, қолдау білдіру үшін қаламыздың суретшілері мен қолданбалы өнер шеберлері келді. Ал көрмеге келушілердің үздіксіз ағылған легі жанға жайлы, шабыт берер және мерекелік ахуалды қамтамасыз етті.

22 сентября 2026
Қостанай қуыршақ театрының «Соломенный жаворонок» халықаралық фестиваліндегі жарқын жетістігі

Қостанай облыстық қуыршақ театрының шығармашылық ұжымы Ресей Федерациясының Челябі қаласында 2026 жылы 17–21 қыркүйек аралығында өткен  В. Вольховский атындағы ересек көрермендерге арналған қуыршақ спектакльдерінің «Соломенный жаворонок» X Халықаралық фестиваліне қатысты. «Соломенный жаворонок» фестивалі кәсіби театр қауымдастығы арасында беделге ие, Ресейден тыс жерлерге де танымал халықаралық мәдени шаралардың бірі. Биыл фестивальге қатысуға өтінім берген    83 спектакльден, байқау қорытындысы бойынша 11 қойылым ғана фестиваль бағдарламасына іріктелді. Фестиваль афишасынан орын алудың өзі – қойылымның жоғары кәсіби деңгейінің мойындалуы.

Қостанай қуыршақ театры фестиваль көрермендеріне режиссер Н. Сабашвили сахналаған Н.В. Гогольдің «Жындының жазбалары» повесінің заманауи интерпретациясын ұсынды. Қойылым көрермендер мен фестиваль қонақтарының ыстық ықыласына бөленіп, жоғары бағасына ие болды. Әсіресе басты рөлді сомдаған Әлқожа Төлендінің актерлік шеберлігіне ерекше назар аударылды. Ол кейіпкердің күрделі ішкі әлемін терең аша отырып, эмоцияналды, нанымды әрі көркем бейне жасай білді. Фестиваль қорытындысы бойынша  Т. Әлқожа «Үздік ер адам рөлі» номинациясының жеңімпазы атанды. Фестивальдің ерекшеліктерінің бірі – жүлдегерлерді кәсіби қазылар алқасы емес, фестивальге қатысушы театрлардың өкілдері анықтайды. Осы тұрғыдан алғанда, әріптес театрлардың өз дауыстарын Төленді Әлқожаға беруі – актердің өнеріне кәсіби ортаның жоғары бағасының айқын көрінісі әрі оның жеңісінің маңызын арттыра түседі.

«Соломенный жаворонок» халықаралық фестиваліне қатысу Қостанай облыстық қуыршақ театрының ұжымына жаңа кәсіби тәжірибе жинақтауға және әлемдік қуыршақ театрының заманауи даму бағыттарымен танысуға мол мүмкіндік берді.

Шығармашылық ұжымды алда тағы бір маңызды халықаралық өнер додасы күтіп тұр. Театр 20–25 қазан аралығында Алматы қаласында өтетін «Almaty Puppet Festival – 2026»  IV Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне қатысады.

20 сентября 2026
Ұшқыр қалам мен өрелі ойдың иесі

17 қыркүйек 2026 жылы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінде ақын, жазушы, драматург, филология ғылымдарының кандидаты Ақылбек Шаяхметтің 75 жасқа толуына арналған «Ұшқыр қалам мен өрелі ойдың иесі» атты әдеби-танымдық кеш өтті.        

Кездесу барысында Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Е.Ж.Әбілов құттықтау сөз сөйледі. Тарих ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушысы Д.М.Легкий, ҚР білім беру ісінің үздігі П.Б.Сүйінкина, ақын, журналист А.Мауданов және ақынның шәкірті, жеке кәсіпкер Г.Ө.Кәкімбек ақынға ақжарма тілектерін білдірді.

         Ақынның көптеген өлеңдеріне ән жазылған, халыққа кең тараған  әндерінің бірі «Анашым» әні орындалды және «Қазаққа кім бар шақ келген?!», «Кейде мен жыр жазамын түн ішінде» өлеңдерін Қазақ филологиясы мамандығының студенттері мәнерлеп оқыды.

         Кеш соңында Ақылбек Қожаұлы сиясы кеппеген жырларын оқып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Келген қонақтарға музей қорынан А.Шаяхметтің жеке заттары мен фотосуреттерінен шағын көрме ұсынылды.

17 сентября 2026
«Отпен ойнаған кім?» — қауіпсіздік туралы жаңа қойылым»

Қостанай облыстық қуыршақ театрының 41-ші маусымы жарқын жаңалықтармен басталды. «Мой дедушка был вишней» спектаклінің премьерасынан кейін театр көрермендеріне тағы бір жаңа қойылым – «Отпен ойнаған кім?» спектаклін ұсынды. Жаңа спектакльдің тұсаукесері 2026 жылы 16 қыркүйекте өтті. Спектакльдің авторы әрі режиссері – Юлия Семенова. Режиссердің шығармашылық қоржыны балаларға арналған тағы бір тағылымды, тақырыптық қойылыммен толықты. Юлия Семенованың бұған дейінгі «Өшірбек Сөндірбектің хикаясы» атты қойылымы көрермендердің көңілінен шығып, театр сахнасындағы сүйікті спектакльдердің біріне айналған еді. Ал «Отпен ойнаған кім?» алғашқы көрсетілімінен-ақ жас көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қызықты сюжет, көңілді музыкалық композициялар мен интерактивті ойындар арқылы балаларға отпен ойнаудың қауіптілігі, абайсыздықтың салдары және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңыздылығы қарапайым әрі әсерлі түрде жеткізіледі.

Қойылым барысында кішкентай көрермендер кейіпкерлердің күтпеген әрекеттері мен қызықты қылықтарына шын жүректен күліп, сұрақтарға белсенді жауап беріп, интерактивті ойындарға қызығушылықпен қатысты. Олар спектакльдің ерекше әрі заманауи баяндау тәсілін жоғары бағалап, тақырыптың өзектілігін атап өтті. 

«Отпен ойнаған кім?» – көрерменге көтереңкі көңіл-күй сыйлайтын жарқын театрлық қойылым ғана емес, балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін ойын мен өнер арқылы үйретіп, маңызды қағидаларды есте сақтауға көмектесетін тағылымды спектакль.

15 сентября 2026
Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының өнер сапары

2026 жылдың 5-12 қыркүйек аралығында Арқалық қаласының  70 жылдығы және мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай Арқалық қазақ жасөспірімдер театры, «Жігіттер» триосы, Олжас Қапан және Абай Сейдахмет сынды өнерпаздардан құралған өнер керуені Сәтбаев, Қызылорда, Түркістан, Отырар және Шымкент қалаларында болып, А. Маудановтың «Арқалықтың ақ таңы» спектаклін көрермен назарына ұсынды.

Сапар барысында тарихи-мәдени нысандарға зиярат жасалып, Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны дамытудағы еңбегі ннасихаттауға бағытталған мәдени-танымдық кездесулер өткізілді.

Өнер сапары өңіраралық мәдени байланысты нығайтып, жаңа шығармашылық байланыстардың қалыптасуына ықпал етті.

14 сентября 2026
«Мой дедушка был вишней» – көрермен жүрегіне жол тапқан қойылым

2026 жылы 12 қыркүйекте Қостанай облыстық қуыршақ театры 41-ші театр маусымын белгілі итальяндық жазушы Анджела Нанеттидің повесі желісімен сахналанған «Мой дедушка был вишней» спектаклінің тұсаукесерімен ашты.

«Мой дедушка был вишней» спектаклі Тонино есімді баланың және оның отбасының тағылымды оқиғасы арқылы адам өміріндегі негізгі құндылықтарды дәріптейді. Қойылымда отбасына деген сүйіспеншілік, қымбат естеліктер, отбасылық дәстүрлер, үлкенге құрмет және ұрпақтар арасындағы үзілмес байланыс секілді маңызды тақырыптар терең қозғалады. Сонымен қатар спектакльде өмірдің өткіншілігі мен жақын жандардан айырылу туралы күрделі мәселелер жас көрермендерге жылы жеткізіледі.

Бұл оқиға кез келген жастағы көрермен үшін өзекті. Өйткені әр адам спектакльден өзіне ой салатын тұжырымдар мен өмірлік сабақтарды таба алады. Ең бастысы, қойылым қымбат жандардың қадірін дер кезінде біліп, туған-туыстарымызбен, жақындарымызбен бірге өткізген әрбір сәтті бағалауға жетелейді.

Көрермендер спектакльді жылы қабылдады. Көпшілігі Тониноның оқиғасы өздерін терең толқытқанын және жүректе мәңгі сақталатын ең қымбат жандар мен естеліктерді еске салғанын атап өтті.

11 сентября 2026
🎨 Қостанайда «Қиял әлемінің сиқырлы бояулары» атты балалардың шығармашылық көрмесі ашылды!

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің көркем сурет галереясында  жас таланттардың басын қосқан ерекше көрме өз жұмысын бастады. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында ұйымдастырылған шараға Қостанай, Рудный қалалары және Әулиекөл ауданының студиялары қатысуда.

Көрменің басты көрсеткіштері:

  • 🖼 200-ге жуық туынды: Кескіндеме және сурет салу өнерімен айналысатын 4–17 жас аралығындағы балалардың еңбектері қойылды.
  • 🌍 Маңызды тақырыптар: Туған жердің сұлулығы, Қостанай облысының 90 жылдығы және ұлттық мәдени мұрамыз – ою-өрнектер мен ұлттық киімдер ерекше насихатталды.
  • 🏆 Халықаралық жетістіктер: Экспозиция төрінен Лондондағы беделді «Golden Time Talent» байқауында жоғары баға алған Айша Оралбаеваның «Барс пен қыз» және Айгүл Темірбекованың «Тағдыр жібі» туындылары орын алды.

✨ Шараның ашылу салтанатында жас өнерпаздар мен домбырашылар тобы өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

📅 Көрме 4 қазанға дейін дейін жалғасады. Барлық қала тұрғындары мен қонақтарын жас таланттардың туындыларын тамашалауға шақырамыз!

 

 

04 сентября 2026
«ТІЛ – РУХАНИ ҚАЗЫНА»

Қостанай облысында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – рухани қазына» атты мерекелік іс-шара өтті.

Биылғы тағылымды шара ұлы ағартушы, педагог, жазушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына және қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым-ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылды.

Салтанатты жиында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, тілдерді дамытуға және этносаралық қатынастарды нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды. Сондай-ақ «Үздік тілдерді оқыту орталығы» және «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауларының жеңімпаздары мен тіл саласындағы үздік мамандарға құрмет көрсетілді.

Мерекелік бағдарлама барысында театр қойылымы, ән мен би өнерінің үздік үлгілері ұсынылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Тіл – халықтың тарихы, ұлттық қазынасы, рухани байлығы. Мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолданыс аясын кеңейту – баршамызға ортақ міндет.

28 августа 2026
Қостанай облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының шығармашылық жұмыстары көрмесінің ашылуы

 Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің Бейнелеу өнері бөлімінің көрме залында «Өнерім - өмірім» атты кескіндеме және сәндік жұмыстардың облыстық инклюзивті көрмесі ашылды.

Көрменің ерекшелігі мен басты құндылығы — оның авторларында. Ұсынылған барлық жұмыстар мүмкіндігі шектеулі жандардың қолымен жасалған. Олар үшін шығармашылық тек хобби ғана емес, өзін-өзі білдіру, әлеммен диолог құру және ішкі әлеуметін ашу тәсіліне айналды. Түс, сызық және бейне арқылы көрмеге қатысушылар кейде сөзбен жеткізу қиын болатын дүниелерді: өз сезімдерін, бақылауларын, армандары мен ішкі әлемдерін баяндайды.

Көрме жұртшылықтың назарын мүгедектігі бар адамдардың тыныс-тіршілігі мен әлеуетіне аударуға, олардың диагноздан тыс тұлғалық көпқырлылығын көрсетуге, сондай-ақ қоғамда азаматтардың осы санатына деген анағұрлым сезімтал, құрметті және инклюзивті көзқарастың қалыптасуына ықпал етуге бағытталған.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы