
Албарбөгет (Айса бөгеті) – Жангелдин ауданы Қабырға өзенінің алқабында салынған. Құрылыс 1924 жылы басталып, 1926 жылы аяқталған. Жалпы ұзындығы 17 шақырым.
Жүйенің көптеген қосымша бөгендері 3 мың гектар шабындықты суландырып, кейін «Еңбек», «Қызыләскер» кеңшарларының аумағына енген бес ұжымшардың малын құнарлы пішенмен алпыс жыл бойы тұрақты қамтамасыз етті.
Бөгет 55-60 миллион текше метр суды ұстап тұрады. Кеңес Одағы жылдары Албарбөгеттің батыс жағы алты кеңшарды, Көкалат, Аралбай, Шеген, Ақшығанақ, Торғай ауылын сумен қамтамасыз етті. Ал шығыс жағы Амангелді ауданындағы Крупская атындағы кеңшарды және Қабырға ауылын, Үрпек ауылын, Қараторғай, Сарыторғай шаруашылықтарын сулы етті. Көктемде өзен тасып, шабындық пен жайылымдардың шөбінің өсуіне қолайлы. Албарбөгетке пайдаланылған бөренелерді 400 шақырымдағы Аманқарағайдан түйе керуенімен тасымалдаған. Су екпіні топырақты жырып кетпеу үшін шыбықтан шыпта тоқылып, бөгеттің жел жақ бетіне топырақ салынған қапшықтар үйілді. Қысқасы, Қабырға өзенін бөгеген ұзындығы 17 шақырым болатын бөгет бір техникасыз, адамдардың таза қол күшімен салынды. Ел ішінде жобаның авторы әрі құрылысын жүргізуші Айса Нұрмановтың есімімен «Айса бөгеті» деп те атайды.