
Күнтимес ауылы Сарыкөл ауданында орналасқан.
Шоқан (Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов 1835 жылдың қараша айында қазіргі Сарыкөл ауданының Күнтимес деген жерінде дүниеге келген. Қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, географ, фольклоршы, ағартушы, демократ. Арғы атасы – Абылай хан. Оның үлкен ұлы Уәли (1741-1821) Шоқанның атасы. Балалық шағы әкесі аға сұлтан болып тұрғанда Құсмұрында, кейін Көкшетаудағы атамекені Сырымбетте өтеді.

Шоқан Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында болды. Сонда жүріп аңыз, жырлар сюжетіне сурет салатын болған. Жас күнінен тарихи өлең, жыр, аңыз, әңгімелерді қызыға тыңдап, құлақ түріп өскен. Табиғатынан зерек, алғыр болған. Құсмұрында жүрген кезінде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын жазып алыпты.
Ш. Уәлиханов әуелі Құсмұрында қазақ мектебінде оқып арапша хат таниды. Дәстүр бойынша «жеті жұрттың тілін білуге» тиісті хан баласы Шығыс тілдерінен араб, парсы, шағатай тілі және Орта Азияның түркі тілдерін меңгерген. Бала Шоқан осы өлкеде түркі халықтарына ортақ мұра, атақты «Едіге батыр» жырын жазбаға түсірген.