
Шоқай Балқанұлы (шамамен 1775-1858) – Үш жүздің биі және белгілі шешен, Жәңгір ханның серіктесі. Халық Шоқайды әулие деп білген, оның алдына жаңа туған нәрестеге бата алу үшін және болашағына бағдар алу үшін мыңдаған шақырым жерден келетін болған.
Қазір де зиратының басы – қажылық орны іспеттес. 1995 жылы туғанына 220 жыл толуы қарсаңында Шоқай Балқанұлының бейіті басына мазар орнатылды.
Шоқай би – ХІХ ғ. қазақ даласындағы біртуар тұлғалардың бірі. Ол Арқа елінің көптеген атақты би-шешендерімен қатар жер дауына, ел дауына, мал дауына, жесір дауына қатысып, өзінің әділ төрелігі, шешендігімен үш жүзге аты мәлім болған. Оның айтқан кесімді, билік сөздерінің бірлі-жарымы ғана ел аузыңда сақталған. Шоқай Балқанұлы жайында айбынды батыр, рулар араздығын шешетін би, шешендік өнерімен, әділ шешімдерімен сый-құрметке ие болған шешен-әулие ретінде ел аузында айтылып, жазылып келеді. Шоқай бидің күні бұрын айтқан сөздері, болжам-жорамалдары орындалған.
Алтынсарин ауданының бұрынғы Қарағайлы ауылында (қазіргі Шоқай ауылы) әулие Шоқай бейіті орналасқан.