
Аты аңызға айналған Жабағы батыр ХVІІІ ғасырда өмір сүрген және жауынгерлік ерліктерімен аты шыққан. Қыпшақ Қобыландының тікелей ұрпағы саналатын батыр туралы ел арасында аңыз-әңгіме жетерлік.
Ел аузындағы аңызға қарағанда, қыпшақ даласына ат қойып келген қалмақтардың үлкен тобы Жабағы батырдың ауылының дәл іргесінде ажал табады. Жасанып келген жауға қарсы қайрат қылып, қойдай қырса да, бұл шақта шау тартып қалған батырдың астындағы атына оқ тиіп мертігіп, аттан құлап түскен батыр жаяу соғысып, қылыштасып жүргенде ту сыртынан атылған оқтан жаралы болады. Бұл жарадан сау қалмасын білген қолбасшы сонда жұртты жинап: «Атаңа нәлет қалмақтың өліктерін сасытпай, үлкен шұңқыр қазып, бәрін бір жерге көміңдер, ал күні ертең мен ол дүниелік болып кетсем, сол шұнқырдың үстіне оба үйіп, төбеге өзімді жерлеңдер, ата жауымыз тіріліп кетіп жүрмесін, үстерінен басып жатайын» – десе керек. Батыр бабаларының өсиетін ұрпақтары бұлжытпай орындаған. Жазықтағы жалғыз төбенің қолдан үйілгеніне күмән келтіру қиын. Батыр зираты шынында да қарауыл төбеге ұқсайды. Жабағы батыр елдің шетінде, желдің өтінде жастыққа жантайып жатқандай.
Батыр Таран ауданы, аудан орталығы Таран ауылынан бірнеше шақырым жердегі Әйет өзенінің жағасы, Журавлев ауылындағы бейітте. Кейін Жабағы батырдың жанына оның жақын серіктесі Жамаңқы батыр жерленген. Жабағы батыр бейітінен алыс емес жерде, жыраның жанында бұлақ ағып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, бұлақтың суы қасиетті және оны ішкен адам сауығып, өзін сергек сезінеді екен.