
Нұрмағамбет Көкембайұлы – 1916 жылы Ресей патшалығының қазақтан әскерге адам алу туралы жарлығына қарсы көтерілген Торғай қазақтары көсемдерінің бірі. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы тарихындағы белсенді және аңызға айналған тұлға. Ол өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресті.
Амангелді Иманов және қозғалыс жетекшісі Әбдіғаппар ханның досы, серігі. Ол көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған. Кейкі батырдың кесенесі 2007 жылы салынды. Ол Тасты өзенінің бойында, Арқалықтан бара жатқан жолдың сол жағында қалады. Кесене тұрған қорымда құлан қыпшақтарға Тасты өңірінің жерін уезд басшысынан алып берген Қостамбек, Сәбіләмбек аталарымыз жерленген. Кейкінің кесенесі үлкен күмбезді, өзі төрт бұрышты. Кесененің артқы қабырғасына Кейкінің 3 шумақ салауаты мәрмәр тасқа жазылып бекітілген, алдыңғы қабырғасына Әубәкір ағаның екі ауыз өлеңі жазылған мәрмәр тас орнатылған. Кесененің ішіндегі төр жақта батырдың бюсі тұр. 2016 жылы батырдың бас сүйегі Санкт-Петербургтегі кунсткамерадан елге әкелінді.
Өмірден ертерек кеткен талантты жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романының басты кейіпкері – Кейкі батыр. Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» атты драмасында Кейкіні Кете батыр деп суреттейді. Кенесары мен Кейкі батырдың бас сүйегін іздеу Тәуелсіздік жылдарында жаңа серпінге ие болып, елдік намыс пен рухты оятты.
Қап тауы халықтарының азаттығы үшін күрескен имам Шәміл Қажымұраттың басы әлі күнге Санкт-Петербург музейінде тұрғаны кейінгі ұрпақтарын алаңдатады.