Халық пен тарих егіз төл ұғым, ұлттық тарихы жоқ халық болмайды. Бүгінде егеменді ел болған Қазақстан жаһандану дәуіріне аяқ басып, замана дәуірімен бірге ел, оның тарихы, жады қайта түлеп, танымы жаңа мазмұнға ие болуда. Еліміз өткен өміріндегі құндылықтарды түгендеп, ұлттық тарихын қайта қарап таразылау, оның сабақтары мен үлгілерін жұртшылыққа таныту мүмкіндігіне ие болып отыр. Ал осы құндылықтарымыз бен ұлттық тарихымызды жұртшылыққа танытар, болашаққа жеткізер тағылымды тәрбие орны - мұражай болып табылады.
Осы орайда киелі Торғай топырағында орын теуіп, өлкенің тарихын зерттеп, кешегі тарихты боямасыз сол қалпында көз алдыңа әкеліп, өткен өмір мен бүгінгі күнді жалғаушы көпір – Арқалық қалалық облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайының алар орны ерекше. Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №88-р Жарлығымен 1972 жылдың 4 ақпанында құрылды. Халық батыры А. Имановтың туғанына 100 жыл толуына орай, 1973 жылдың 28 шілдесінде алғашқы көрермендерін қабылдады.
1986-1991 жылдар аралығында мұражай күрделі жөндеу жұмыстары мен реэкспозицияға жабылған. Бұл реэкспозиция 2020 жылдың сәуір айына дейін жұмыс істеді. 2020 жылдың мамыр айынан желтоқсан айына дейін мұражай ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан соң 2023 жылдың шілде айына дейін мұражай қорының жәдігерлері уақытша халық назарына ауыспалы көрме ретінде құрылып әлеуметтік желілермен көшпелі көрме ретінде жасақталып реэкпозиция жұмыстары басталғанға дейін тоқтаусыз өз жұмыстарын атқарып келді. Мұражай қорындағы жәдігерлерден коллекциялық көрмелер және музей залдарына ауыспалы көрмелер тақырыпқа сай қойылып отырды. 2023 жылдың шілде айында басталған реэкспозиция жұмыстары қарқынды атқарылып, жасалған сегіз залға тақырыпқа сай жәдігерлер қойылды.
Халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткені мен бүгінін, жылдар қойнауындағы құндылығы мен тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейлердің маңызы зор. Себебі, музей – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отырған бірден-бір институт.
Торғай тарихының алтын қайнары, қасиетті елдің қастерлі мұраларының басын қосқан, марқұм Өзбекәлі ағамыз әр жәдігерін өз қолымен жинап, бүгінгі ұрпаққа табыс еткен осынау қасиетті Орданың орыны да, жөні де бөлек. Дүниеде көз тоймайтын, ойға сыймайтын айтуға да, жазуға да қиын дүниелер болады. Ол – адам еңбегі. Сол асыл еңбектің баға жеткісіз куәгерлерін, тарихтың түрлі кезеңдерінен сыр шертетін асыл мұралар мен тарихи жәдігерлерді бүгінгі күнге жеткізіп, ұлттық-мәдени құндылықтарымызды түгендеп, келешек ұрпаққа насихаттаумен айналысып келе жатқан мұражайымыз өңіріміздегі мәдениет пен руханияттың ордасы екені анық.
Музейдің негізгі жұмысы тарих арқылы тарихи - мәдени ескерткіштерді, тарихи оқиғаларды насихаттау, сол арқылы жас ұрпақты рухани, адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу.
Байланыс мәліметтері:
«Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы» КММ
Мекеме туралы ереже
Басшы Касжанов Нурлыбек Сапабекович
Мекенжайы: Арқалық қ., Қозыбаев көш., 30 үй.
Телефон: 8(71430)7-22-99
Ресми сайт: http://arkmuseum.kz/ru/
Е-mail: arkalykmuseum@rambler.ru
Instagram: arkalykmuseum@rambler.ru
Facebook: arkalykmuseum@rambler.ru
Vkontakte: https://vk.com/id538265384
Twitter: https://twitter.com/ArkalukMuseum